Сенат депутаты Әли Бектаев еліміздің су ресурстарының едәуір бөлігі трансшекаралық өзендер арқылы қалыптасатынын атап өтті. Сондықтан трансшекаралық су нысандарын тиімді пайдалану және көрші мемлекеттермен өзара сенім мен тең әріптестікке негізделген су дипломатиясын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады.
"Келісімнің негізгі мақсаты – трансшекаралық су ресурстарын басқарудың тұрақты әрі тиімді тетіктерін қалыптастыру, мемлекетаралық су шаруашылығы нысандарын қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету, сондай-ақ су ресурстарын әділ әрі ұтымды бөлу. Бұл құжат еліміздің оңтүстік өңірлері үшін ерекше маңызға ие. Түркістан және Қызылорда облыстарының, сондай-ақ Сырдария өзені алабындағы өзге де аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы су ресурстарының жеткіліктілігіне тікелей байланысты. Өйткені ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен сапасы осыған тәуелді. Сондықтан Сырдария өзенінің гидрологиялық режимі тек су шаруашылығының мәселесі ғана емес", – деді Әли Бектаев.
Оның айтуынша, бұл ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығына, фермерлердің экономикалық жағдайына және өңірдің әлеуметтік дамуына тікелей әсер ететін мәселе.
"Осыған байланысты Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы су саласындағы ынтымақтастықтың маңызы жыл сайын артып келеді. Соңғы жылдары қалыптасқан өзара түсіністік пен тұрақты диалог нақты нәтижелер беруде. Соның арқасында вегетациялық кезеңде су ресурстарын бөлу, су қоймаларының жұмыс режимін келісу және тұрақты сумен қамтамасыз ету мәселелері жүйелі түрде шешіліп келеді. Биылғы вегетациялық кезең соның айқын дәлелі. Қазіргі уақытта Арал-Сырдария бассейніндегі су шаруашылығы жағдайы тұрақты. Шардара су қоймасының толу деңгейі 90 пайызды құрап отыр", – деді сенатор.
Қалыптасқан гидрологиялық жағдайды ескере отырып, су пайдалану лимиттері бекітілді:
- Қызылорда облысы үшін – 3,2 млрд текше метр су;
- Түркістан облысы үшін – 3,8 млрд текше метр су.
Сенатордың айтуынша, келісім аясында Қазақстан мен Өзбекстанның Үкіметаралық комиссиясы құрылады. Бұл комиссия су ресурстарын басқару, мемлекетаралық гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін жүйелі түрде қарастыратын болады.
"Бұл су тапшылығы қаупін азайтуға, ықтимал даулардың алдын алуға, өңірлік тұрақтылықты нығайтуға және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді", – деді Әли Бектаев.
Айта кетейік, бұған дейін Сенат Еуразиялық экономикалық одақ пен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы экономикалық әріптестік туралы келісімді де ратификациялаған болатын.