Президенттің айтуынша, жаңа Конституция мемлекеттік және қоғамдық институттарды жаңғыртуға негіз қалап, Қазақстанның ғылым мен технологияға сүйенген даму бағытын айқындайды.
"Жаңа Конституция барлық мемлекеттік және қоғамдық институттардың жаңғыруына негіз қалады. Мұндай күрделі өзгерістер еліміздің 35 жылдық тарихында да, одан бұрын да болған емес. Яғни Қазақстан сапалы ғылым негізінде өркендеу мен технологиялық өрлеу жолына түсті. Дегенмен қоғам бір мақсатқа жұмылып, ынтымақ-бірлік танытпаса, кез келген, тіпті мұқият сараланған мемлекеттік жоспардың өзі қағаз жүзінде қалады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы туған жерге адал қызмет етуге ұмтылатын білімді, ерік-жігері мол, отаншыл жастардың елді көркейтетінін атап өтті. Оның сөзінше, Конституцияның түпкі мәні – қоғамның барлық жасампаз күштерін ортақ мақсатқа біріктіріп, реформалардың жалпыұлттық жоспарын жүзеге асыруға берік негіз қалыптастыру.
"Жаңа Конституциямыз – барша халықтың, әсіресе, өскелең ұрпақтың адамгершілік және құқықтық бағдары, өмір жолындағы темірқазығы. Осы бағыттан айнымасақ, қоғамдағы тұрақтылықты сақтаймыз, азаматтарымыз заң мен ел мүддесіне құрметпен қарайтын лайықты өмірге қол жеткізеді", – деп түйіндеді Президент.