Марапатталғандардың қатарында қазақ текті дәрігер Уқас (Оқас) Сүлеймен де болды. Ол "1 шілде" орденімен марапатталған алғашқы қазақ атанды.
"1 шілде" ордені – Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары марапаты. Ол бес жылда бір рет елдің дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарға табысталады.
Жоғары марапатты дәрігерге Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин салтанатты түрде табыс етті.
Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сәйкес, Уқас Сүлеймен 40 жылдан астам уақыт Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Дөрбілжін ауданында денсаулық сақтау саласында еңбек еткен.
Ол ауа райының қолайсыздығына қарамастан, шалғай ауылдар мен малшылар қонысына атпен барып, науқастарға медициналық көмек көрсетіп отырған.
Еңбек жолында дәрігер 100 мыңнан астам адамға медициналық көмек көрсетіп, 3200-ден астам сәбидің дүниеге келуіне себепкер болған.
Айта кетейік, бұған дейін алматылық фотограф Қытайдағы долан ұйғырларының тұрмыс-тіршілігін бейнелеген фотожобасын көпшілікке ұсынған болатын.