Үкімет басшысының айтуынша, "Таза Қазақстан" экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын жүзеге асырудың тиімділігі өткізілген іс-шаралар санымен емес, елді мекендердің жағдайының, халықтың экологиялық мәдениеті деңгейінің нақты өзгерістерімен және қол жеткізілген нәтижелердің тұрақтылығымен бағаланады.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша, жыл басынан бері "Таза Қазақстан" аясында елімізде 1 млн-нан астам ағаш отырғызылып, 4 млн-нан астам адамның, оның ішінде 510 мың еріктінің қатысуымен 200-ден астам экологиялық іс-шара өткізілді. Республика бойынша 76 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 413 мың тонна қалдық жиналды және шығарылды. Сондай-ақ, 115,7 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жіберілді.
Өңірлердің әкімдіктері абаттандыру, көгалдандыру және экологиялық инфрақұрылымды дамыту, соның ішінде экопарктер құру, қайта өңдеу өндірістерін іске қосу және халықтың сенбіліктер мен акцияларға қатысуын кеңейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есеп берді.
Отырыста қалдықтарды басқару бойынша қабылданып жатқан шаралар да қаралды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша коммуналдық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үлесі 30,7%-ды құрады. 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу 40%, өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу 50% болады деп күтілуде.
Премьер-министр рұқсат етілмеген полигондарды жою жөніндегі жұмысты күшейтуді, қалдықтарды қайта өңдеу жобаларын іске асыруды жеделдетуді және осы саладағы қолданыстағы бастамаларға ревизия жүргізуді тапсырды. Ол тұйық цикл экономикасын дамыту және заманауи қайта өңдеу технологияларын енгізу қажеттігін атап өтті.
Бұдан бөлек, энергия үнемдеу саласында жүргізіліп жатқан жұмыстарға және саланы дамыту жөніндегі жоспарларға назар аударылды. Жалпы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының энергия сыйымдылығы 5%-ға төмендеді.
Осы ретте, Бектенов өңір әкімдіктеріне де бірқатар тапсырма жүктеді.
"Мемлекет басшысы Үкімет алдына 2029 жылға қарай экономиканың энергия тұтынуы мен энергия сыйымдылығын 15 %-ға төмендету міндетін қойды. Өнеркәсіптің барлық субъектілері энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі өздерінің іс-шаралар жоспарларын бекітуге тиіс. Бір апта мерзімде Ақмола, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының, Астана қаласының әкімдіктері тиісті Жол карталарын бекітуі қажет. Өнеркәсіп министрлігі бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы қажет", – деді Премьер-министр
Бұған дейін Қазақстанда әлеуметтік қызметтер порталы жақсара түскенін жазғанбыз.