ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен туыстарына, әріптестеріне, туған халқына қайғыра көңіл айтты.
Жұмабек Айдарбекұлы саналы ғұмырын ел руханияты мен бұқаралық ақпарат саласына арнады. Еңбек жолын 1978 жылы бастап, әр жылдары өңірлік, республикалық басылымдарда абыройлы қызмет атқарды.
Журналист қана емес, ақын әрі прозашы ретінде де қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Оның "Өмір – керуен", "Соғыс туралы шындық", "Жадымдасың, жарқын бейне" және басқа да кітаптары оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Көркем туындылары арқылы ұлттық әдебиет пен публицистиканың дамуына сүбелі үлес қосты.
"Кәсіби білігі, азаматтық ұстанымы, адамгершілік болмысы мен өнегелі ғұмыры әріптестері мен кейінгі буын журналистер үшін әрдайым үлгі болған ардақты азаматтың жарқын бейнесі мен есімі ел жадында мәңгі сақталады", – делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін ақын, аудармашы Нұртас Исабаев дүниеден озғанын хабарлаған едік.