БҚМУ ректорының ұсталғаны туралы алғаш болып заңгер, Батыс Қазақстан облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Бауыржан Ахметжан Facebook-тегі парақшасында жазды.
"Махамбет Өтемісов атындағы университет қызметкерлерінің мәліметінше, бүгін оқу орнының ректоры Нұрлан Хабиболлаұлы Серғалиев қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша ұсталды. Қазіргі уақытта оның жұмыс орнында тінту жүргізіліп жатыр", – деп жазды ол 2026 жылғы 21 шілдеде.
Заңгердің айтуынша, тергеуді Батыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізіп жатыр.
Ал "Уральская неделя" басылымының бейресми мәліметінше, Нұрлан Серғалиевке қатысты тергеу университеттің ғылымды дамытуға бөлінген мемлекеттік қаражатты жымқыру күдігі бойынша басталған.
Ғылым және жоғары білім министрлігі БҚМУ ректорының ұсталғанын растады.
"Қазіргі уақытта министрлікке ұсталу себептері мен таралған ақпаратта көрсетілген мән-жайлар белгісіз. Тергеу және өзге де процессуалдық іс-шараларды жүргізу құқық қорғау органдарының құзыретіне жатады. Ресми сауалдар келіп түскен жағдайда министрлік қолданыстағы заңнама аясында қажетті көмек көрсетеді", – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар Zakon.kz редакциясы ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне ресми түсініктеме сұрап жүгінді.
Нұрлан Серғалиев 1969 жылғы 24 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры қызметін 2018 жылғы 21 мамырдан бері атқарып келеді.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Тілек Махуовтың ұсталғаны туралы ақпаратқа түсініктеме берген болатын. Ведомство оның ісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді.