Алматыда жер сілкінісі туралы ерте ескерту жүйесінің 35 сейсмикалық станциясы салынды

Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматыда жойқын жер сілкінісі туралы халықты ерте автоматты түрде ескерту жүйесін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.

Бүгінде 40 нысанның барлығының орналасу координаттары айқындалып, олардың 35-інде сейсмикалық станциялар салынды. Бұл туралы Алматы қаласының Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының өкілдері мәлімдеді.

Станцияларды орналастыру орындары геологиялық, геофизикалық және сейсмикалық жағдайлар ескеріле отырып белгіленді. Сонымен қатар нысандарды тұрақты жер пайдалану құқығымен орналастыру үшін жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Жаңа станциялар қолданыстағы сейсмикалық бақылау желісіне қосылады. Бұл жер сілкіністерін бақылау ауқымын кеңейтіп, күшті сейсмикалық оқиғалар туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.

Басқарма өкілдерінің мәліметінше, 2025 жылдан бері жер сілкінісін ерте анықтауға арналған 70 автоматтандырылған станцияны орнату жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта Алматы қаласын қоршай орналасқан Алматы облысының аумағында 65 станция салынды. Қалған бес станцияның құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Осыдан кейін барлық жаңа станция қолданыстағы ерте автоматты ескерту жүйесінің 28 станциясымен біріктіріледі.

Сонымен қатар халықты жедел хабардар етуге арналған Mass Alert жүйесін енгізу жұмыстары жалғасуда.

Бұған қоса, қалада Алматы агломерациясының сейсмогеодинамикалық жағдайын зерттеуге арналған үш жылдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында тектоникалық жарылымдардың цифрлық картасы, сейсмикалық модель және геодинамикалық белсенді аймақтардың картасы әзірленіп, жер бетінің ығысуы мен деформациясына бағалау жүргізілуде.

Сондай-ақ, 2023-2024 жылдары жүргізілген ғимараттарды құжаттау нәтижесі негізінде әзірленген Алматыдағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың сейсмикалық төзімділігін арттыруға арналған 2026-2035 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары бекітілді.

Айта кетейік, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және интернет-ресурстарда Қазақстанда алдағы уақытта жойқын жер сілкінісі болады деген ақпарат тараған болатын. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің "Сейсмологиялық байқаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығы" ЖШС бұл мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, Алматыда күшті жер сілкінісінің жақындағанын білдіретін сейсмикалық режимдегі қандай да бір аномальды өзгерістер тіркелмеген. Сонымен қатар орталық қазіргі ғылымның жер сілкінісінің нақты болатын күнін, уақытын, орнын және күшін дәл болжауға мүмкіндік бермейтінін еске салды.

Сонымен бірге алдын ала дайындық жасау қауіпсіздіктің маңызды шарасы болып қала береді. Мамандар төтенше дабыл шабаданын алдын ала әзірлеп, үйдегі қауіпсіз орындарды анықтап, жер сілкінісі болған жағдайда жақындарымен іс-қимыл тәртібін алдын ала келісіп алуға кеңес береді.

Қазақстан
Алматы

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Бірыңғай QR-код арқылы төлем жасағанда комиссияны кім төлейді – банк пе, сатушы ма, әлде сатып алушы ма

Қазақстанда әскери есепке алу ережелері өзгерді

ҰТО "грантқа түсіреміз" деген хабарламаларға қатысты ескерту жасады

Қазақстанда қайтадан +42°С ыстық болады

"Үздік педагог" атағын беру тәртібі: не өзгерді