Берік Асылов Астанадағы №202 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Бұған дейін Бас прокуратураның ресми өкілі Ерлан Жанпейісов ОКҚ-да өткен онлайн-марафон барысында дауыс беру күні қолданылатын шектеулер туралы айтып, "Сайлау туралы" Конституциялық заңның талаптарын еске салған болатын.
Сурет: ҚР Бас прокуратурасы
"Дауыс беру күні үгіт-насихат жүргізуге, толтырылған бюллетеньді фотоға, видеоға түсіруге және оны таратуға тыйым салынады. Бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін жариялауға болмайды. Сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте мұндай сауалнамалар жүргізуге тыйым салынады", – деді Ерлан Жанпейісов.
Оның айтуынша, "Сайлау туралы" Конституциялық заңның аталған талаптарын сақтамағандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102 және 220-баптары бойынша жауапкершілікке тартылады.
23 тамыз сағат 10:00-дегі жағдай бойынша Қазақстанда 2 264 411 сайлаушы бюллетень алды. Бұл дауыс берушілер тізіміне енгізілген азаматтардың 17,96%-ын құрайды.