Президенттің айтуынша, қазір білім беру базасын жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Оның аясында мемлекеттік сервистер мен қызметтер біріктіріліп, мұғалімдердің уақытын алатын артық жұмыс азайтылуға тиіс.
"Әсіресе, соңғысы өте маңызды. Педагогтерді ығыр қылатын қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестациядан өту талабынан және басқа да пайдасыз тексерістерден босату керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мұғалімдерді кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тарту мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, педагогтерді жөндеу жұмыстарына немесе оқу процесіне тікелей қатысы жоқ қоғамдық іс-шараларға жұмылдыру деректері әлі де кездеседі.
"Мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына, оқу процесіне тікелей қатысы жоқ түрлі қоғамдық іс-шараларға тартқаны туралы жаңалықтар ара-тұра шығып жатады. Бұл жөнінде әлдеқашан келіскенбіз. Бұған жол беруге болмайды", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті білім басқармаларының негізгі міндеті қандай болуы керектігін де атап өтті.
"Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктер басқармалары, ең алдымен, құқықтық-нормативтік актілер мен саланы реттеу базасын жетілдірумен, оқу үдерісін тиімді ұйымдастырумен және білім беру бағдарламаларын мұқият саралаумен айналысуы қажет", – деді Мемлекет басшысы.