Сұңғат Есімханов Энергетика министрлігіндегі қызметінен босатылды: себебі белгілі болды

Сурет: primeminister.kz
2023 жылғы желтоқсаннан бері Қазақстанның энергетика вице-министрі қызметін атқарған Сұңғат Есімханов лауазымынан босатылды. Ол Құрылтай депутаты атанды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 27 тамызда ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

"Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Сұңғат Қуатұлы Есімханов Қазақстан Республикасының энергетика вице-министрі қызметінен босатылды", – делінген хабарламада.

Сұңғат Есімханов 1973 жылғы 30 қарашада Павлодар облысында дүниеге келген. 1996 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін "Бизнес және менеджмент" мамандығы бойынша, 2007 жылы "Болашақ" институтын заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын инженер болып бастаған. Кейін "Қазақстан алюминийі" АҚ-да нормалаушы экономист және екінші санаттағы экономист қызметтерін атқарған (1996-2000).

2001-2004 жылдары ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінде, Астана қаласы бойынша жиынтық талдау және үйлестіру департаментінде, сондай-ақ Астана қаласының әкімшілік және аумақтық жұмыс департаментінде түрлі қызметтер атқарған.

2004-2007 жылдары Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің Маңғыстау және Қарағанды облыстары бойынша департаменттерін басқарған.

Әр жылдары Астанадағы "Игілік групп-ХХІ" ЖШС қаржы директоры (2007-2008), "Қаныш Сәтбаев атындағы канал" РМК бас директорының орынбасары (2008), Павлодар облысы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы (2008-2010), "Қазақэнергиясараптама" АҚ президенті (2010 жылғы маусым – 2014 жылғы тамыз) болған.

Сондай-ақ ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы (2014 жылғы тамыз – 2018 жылғы қараша), энергетика вице-министрі (2018 жылғы қараша – 2020 жылғы ақпан), Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары (2020 жылғы ақпан – 2021 жылғы сәуір) қызметтерін атқарған.

2021 жылғы мамырдан 2022 жылғы маусымға дейін "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы, кейін басқарма төрағасы болған. 2022 жылғы тамыздан 2023 жылғы желтоқсанға дейін Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетін басқарған.

Сұңғат Есімханов 2023 жылғы 19 желтоқсаннан бастап Қазақстанның энергетика вице-министрі қызметін атқарды.

Бұған дейін оның "Әділет" партиясынан Құрылтай депутаты атанғаны белгілі болды. Қазақстан заңнамасына сәйкес, депутаттарға мемлекеттік лауазым атқаруға болмайды.

Бір палаталы Парламентте депутаттық мандат алған "Әділет" партиясының 110 кандидатының қатарына Сатыбалды Бұршақов, Дархан Ахмедиев, Абай Алтай және Ербол Адаев та енді. Осыған байланысты олар да Президенттің Жарлығы және өкімдерімен атқарған қызметтерінен босатылды.

Қазақстан
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

1 қыркүйек қарсаңында пәтер жалдау қымбаттады: Алматы мен Астанадағы бағалар қандай

"Үздік педагог" атағын беру тәртібі: не өзгерді

Құрылтай құрамына кімдер енді: саяси партиялар кандидаттар тізімін жариялай бастады

"Күн ашық болады". Еліміз бойынша 27 тамызға арналған ауа райы болжамы

Еліміздің 232 азаматы "Болашақ" халықаралық шәкіртақысының иегері атанды