Метеорологтардың мәліметінше, түнде мына өңірлерде үсік күтіледі:
- -1°С-қа дейін – Қостанай облысының шығысында;
- -1...-3°С-қа дейін – Солтүстік Қазақстан облысының батысында, солтүстігі мен оңтүстігінде, сондай-ақ Ұлытау облысының шығысында топырақ бетінде.
"Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстанның солтүстік-батысында, солтүстігінде, шығысында және оңтүстік-шығысында жаңбыр жауады. Күндіз найзағай ойнайды. Түнде республиканың солтүстік-шығысында, шығысында, орталығында және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын күтіледі", – деп хабарлады "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі.
Антициклонның сілемі әсерінен еліміздің батысы мен оңтүстігінде жауын-шашынсыз ауа райы болжанады.
"Республика бойынша жел күшейеді, еліміздің оңтүстігінде шаңды дауыл соғады. Қазақстанның солтүстігінде, шығысында, оңтүстік-шығысында және орталығында түнде және таңертең тұман түседі", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Жетісу облысындағы Алакөл көлдері ауданында күндіз желдің жылдамдығы секундына 30 метрге және одан да жоғары болуы мүмкін.
Бұдан бөлек, бірқатар өңірде өрт қаупі сақталады:
жоғары өрт қаупі – Батыс Қазақстан облысының солтүстік-батысында, Ақтөбе облысының солтүстік-шығысы мен орталығында, Қостанай облысының солтүстік-батысында, Маңғыстау және Қарағанды облыстарының орталығында, Жетісу облысының солтүстігінде;
төтенше өрт қаупі – Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында, Ұлытау облысында, Маңғыстау облысының батысы мен солтүстігінде, Қостанай облысының оңтүстігі, оңтүстік-шығысы мен орталығында, Алматы облысының батысы, шығысы мен орталығында, Жетісу облысының оңтүстігі мен шығысында.