Азаматтардың шағымдары Threads әлеуметтік желісінде жарияланды.
"Шынымды айтсам, ішімде жиналып қалған еді. Қазақстанда мектепте шаш үлгісіне қатысты осындай талаптар қойылып жатыр... Сонда бұйра және боялған шаш болмай ма? Мектеп формасы түсінікті, ол бұрыннан бар және бола береді, оған бәрі үйреніп қалған... Ал қазір мектеп чаттарына шаш үлгісіне қатысты осындай талаптар жіберіліп жатыр", – деп жазды goat.5806304 лақап атымен тіркелген қолданушы.
Басқа қазақстандықтар да мектеп чаттарынан осындай талаптар айтылғанын көрсетті.
Қолданушылардың бірі наразылық білдірген ата-аналарға талаптарды бұзғаны үшін салынатын айыппұлды еске салды.
"Құрметті ата-аналар, қайырлы күн! Қазақстанда мектеп формасына қойылатын талаптарды алғаш рет бұзған жағдайда ата-аналарға ескерту жасалады, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады (2026 жылы – 21 625 теңге). Негізгі ережелер мен талаптар. Баланы сабаққа кіргізбеуге тыйым салынады: мектеп формасы болмағаны үшін мектеп баланы сыныпқа кіргізбей немесе сабақтан шеттете алмайды. Білім алу – әр баланың сөзсіз құқығы", – делінген жазбада.
Бұл жағдайға Оқу-ағарту министрлігі де түсінік берді.
"ҚР "Білім туралы" заңының 49-бабы 2-тармағының 6) тармақшасына сәйкес ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға міндетті. ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен бекітілген "Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарға" сәйкес міндетті мектеп формасына қойылатын жалпы талаптар белгіленген", – деп мәлімдеді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі 1 қыркүйекте.
Ведомствоның мәліметінше, мектеп формасын таңдау және білім алушының сыртқы келбетіне қойылатын талаптар орта білім беру ұйымының ішкі тәртібімен және кеңеспен (қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті, мектептің өзін-өзі басқаруы) реттеледі. Олар жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.
"Талаптардың 21-тармағына сәйкес ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер білім алушылардың орта білім беру ұйымында белгіленген мектеп формасын киюін қамтамасыз етеді. Жалпы білім беретін мектеп басшылығы білім алушы мен ата-анасынан білім беру ұйымының жарғысын, ішкі тәртіп ережелерін және оның қызметін реттейтін білім беру ұйымының актілерін сақтауын талап етуге құқылы", – деп хабарлады ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Оқу-ағарту министрлігінде мектеп формасына қойылатын талаптар бұзылған жағдайда бұл факт тіркеліп, оқушымен профилактикалық жұмыс жүргізілетінін атап өтті. Кейін оқушының ата-анасына (заңды өкіліне) анықталған бұзушылық туралы және белгіленген мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтау қажеттігі хабарланады.
"Ата-аналар белгіленген міндеттерді жүйелі түрде орындамаған жағдайда материалдар білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне ата-аналарды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін жолданады", – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство ҚР ӘҚБтК-нің 409-бабы 2-бөлігіне сәйкес білім беру саласындағы Қазақстан заңнамасында көзделген міндеттерді ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің орындамаған не тиісінше орындамаған кезінде ескерту жасалатынын немесе 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатынын ескертті.
ҚР ӘҚБтК-нің 409-бабы 7-бөлігіне сәйкес, 409-баптың бірінші – алтыншы бөліктерінде көзделген әрекеттер (әрекетсіздік) әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, жеке тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
ҚР ӘҚБтК-нің 804-бабына сәйкес, білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету аумақтық департаменттерінің лауазымды тұлғалары білім беру саласындағы уәкілетті орган болып есептеледі және ҚР ӘҚБтК-нің 409-бабының 7-8-бөліктері бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасауға құқылы.