Биылғы форумға 4 шет мемлекет Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Грузиядан және Қазақстанның 15 облысынан 100-ден астам қонақ келді. Жергілікті белсенділермен қосқанда қатысушылардың жалпы саны 300-ден асады.
Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Салтанатты ашылу рәсіміне Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов қатысып, жастарға қолдау білдірді.
"Мемлекет басшысының басты тапсырмасының бірі — креативті индустрияны дамыту. Осы орайда өңірлерде креатив хабтар ашылды. Таланттарды анықтау, олардың жобаларына қолдау жасау бағытында бүгінгі форумның маңызы жоғары",- деді облыс әкімі.
Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Форум жұмысы заманауи креативті индустрияның 6 негізгі бағыты бойынша өтуде. Кинематография, Маркетинг, Музыка, Event индустрия, Хореография, Жасанды интеллект бойынша сарапшылар келді.
Форум қатысушыларының бірі Ақтау қаласынан келген Мырзатай Нұрсұлтан жыл сайын бұл форумды жібермей қатысатынын айтты. Осымен ол үшінші рет командасымен келіп кино бағыты бойынша қатысуда.
Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Екі күнге созылатын бағдарлама аясында пленарлық сессиялар, шеберлік сағаттары мен кейс-стадилер ұйымдастырылған. Сонымен қатар қатысушылар үшін "Хан Ордалы Сарайшық" музей-қорығына тарихи-танымдық экскурсия қарастырылған.
Форумның басты ерекшелігі – жас таланттарды қолдауға бағытталған "Үздік жоба үшін Grant" байқауы. 6 бағыт бойынша үздік шыққан жобалардың әрқайсысына өз идеясын жүзеге асыру үшін 500 000 теңгеден (жалпы гранттық қоры 3 млн теңге) қаржылай сыйақы беріледі.
Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сондай-ақ қатысушылар арасында креативті мазмұнды бағалайтын "Үздік жарияланымдар" SMM-байқауы өтуде.
Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі