Депутаттың айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 3,5 млн бала қосымша біліммен қамтылған. Бұл – еліміздегі балалардың жалпы санының 90%-ы. Оның ішінде 2,2 млн бала тегін үйірмелер мен секцияларға қатысады.
"Қосымша білім беру ұйымдарының саны 2 мыңнан асты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Алайда жалпы статистиканың артында ауыл мен қала балаларының мүмкіндіктері арасындағы айырмашылық сақталып отыр. Бүгінде елімізде 4,1 млн-нан аст астам оқ оқушы білім алады. Ауыл мен қала балаларының спорт, өнер, музыка, робототехника және IT бағыттары бойынша қосымша білім алу мүмкіндігі бірдей емес. Мәселе үйірмелердің бар-жоғында ғана емес, таңдау мүмкіндігінде. Қалада таңдау кең болса, шағын және шалғай ауылдарда ол көбіне бірнеше үйірмемен ғана шектеледі", – деді депутат.
Оның пікірінше, баланың мүмкіндігі тұрғылықты жеріне байланысты болмауға тиіс. Осыған байланысты ол "Бір ауыл – бірнеше мүмкіндік" қағидатын енгізіп, мектептерді, мәдениет үйлерін, кітапханалар мен спорт нысандарын кеңінен пайдалануды ұсынды. Ал шағын және шалғай ауылдарда мобильді қосымша білім беру жүйесін дамыту қажет.
"Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін қосымша білім беру педагогтері мен мамандарын ынталандырудың арнайы тетігін, сондай-ақ ауылдар мен шалғай елді мекендер үшін аумақтық түзету коэффициентін енгізуді ұсынамыз. Бұл ретте елді мекеннің шалғай орналасуы, бала саны, мамандарды тарту мүмкіндігі және көлік-логистика шығындары ескерілуге тиіс", – деді Шахмардан Байманов.
Бұған дейін депутат Жанарбек Әшімжанов 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуін шектеу тетігін нақтылауды ұсынған еді.