Ішкі істер министрлігі 2026 жылғы 11 қыркүйекте мәлімдегендей, жастарға ұсынылатын жеңіл әрі жылдам табыс табу жолдары бір қарағанда қарапайым бос жұмыс орны секілді көрінеді. Алайда тартымды хабарландырудың астарында есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына тарту әрекеті жатуы мүмкін.
"Жастарға курьер, кинотеатр қызметкері, флорист ретінде немесе басқа да заңды жұмыс түрлерін желеу етіп, қосымша табыс табу ұсынылуы мүмкін. Үміткер хабарландыруға жауап бергеннен кейін оған сілтеме арқылы өту немесе жеке хат алмасуды жалғастыру ұсынылады. Кейін тыйым салынған заттарды "жеткізу" және орналастыру туралы заңсыз ұсыныс түседі", – деп хабарлады ІІМ.
Мәселен, полицияға әлеуметтік желіден кинотеатрда толық емес жұмыс күнімен билет тексеруші қызметіне шақырған хабарландыруды көрген қыз жүгінген. Ол сілтеме арқылы өткеннен кейін мүлде басқа сипаттағы ұсынысқа тап болған. Белгісіз адамдар оған заңсыз тапсырмаларды орындап, ақша табуды ұсынған. Қыз бұл ұсыныстан бас тартып, полицияға хабарлаған.
"Аталған дерек бойынша тексеру жүргізілді. Анықталған арна бұғатталды, ақпаратты одан әрі тексеру жұмыстары жалғасып жатыр", – деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.
Ведомство қылмыскерлердің "жұмыс көлемі аз" деген сөздерді әдейі қолданатынын ескертті. Мәселен, олар жоғары ақыға күніне бір-екі ғана тапсырысты жеткізуді ұсынады.
"Осылайша олар мұны ақша табудың қарапайым әрі қауіпсіз тәсілі ретінде көрсетуге тырысады. Полиция ескертеді: белгісіз ораманы ақша үшін жасыру, біреуге беру немесе жеткізу туралы ұсыныс – қосымша жұмыс емес, есірткінің заңсыз айналымына тарту әрекеті болуы мүмкін. Мұндай әрекеттерге қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады", – деп ескертті ІІМ.
Полиция жастарды мұндай ұсыныстарға сақтықпен қарауға, күмәнді сілтемелер арқылы өтпеуге, мазмұны белгісіз заттарды "жеткізуге" келіспеуге және жеке мәліметтерін бөгде адамдарға бермеуге шақырды.
Сондай-ақ ата-аналарға жасөспірімдермен және жастармен мұндай ұсыныстардың қаупі туралы сөйлесіп, оңай ақша табу туралы уәденің салдары ауыр болуы мүмкін екенін түсіндіру ұсынылды. Егер табыс табу туралы ұсыныс күмән туғызса, одан бас тартып, "102" нөмірі арқылы полицияға хабарлаған жөн.
Осыған ұқсас жағдай Алматыда болған еді. Алайда бұл жолы курьер болып қосымша табыс тауып, еңбекақысын криптовалютамен алуға ересек әйел келіскен. Кейін ол есірткінің ірі партиясын тасымалдау кезінде ұсталды.