"Қазақстан сияқты елдер жаһандық шешімдер қабылдауда салмақтырақ дауысқа ие болуы керек" – Леонид Млечин

Сурет: Леонид Млечиннің жеке архивінен
2026 жылғы 12-13 қыркүйекте Нью-Делиде өткен "БРИКС плюс" саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі өзекті мәселелерге назар аударып, бірқатар бастама көтерді. Солардың ең маңыздылары туралы ресейлік саяси шолушы Леонид Млечин айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде өткен "БРИКС плюс" саммитіндегі сөзінде Қазақстанның айтарлықтай өнеркәсіптік, транзиттік және технологиялық әлеуетке ие екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан БРИКС-ке мүше барлық мемлекеттермен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарын әртараптандыруға ниетті.

Қазақстан Президенті өз сөзінде жаһандық ауқымдағы проблемаларға да тоқталды. Атап айтқанда, жетекші державалар арасындағы сенім деңгейінің төмендеуі БҰҰ-ның тиімді әрекет ету мүмкіндігін шектеп отырғанын айтты. Осыған байланысты ол БРИКС мүшелері мен серіктестерін Қазақстан бастамашылық еткен халықаралық консультацияларға қосылуға шақырды.

– Леонид Михайлович, Қазақстан БРИКС құрамына кірмейді, дегенмен Мемлекет басшысы отырыстарға белсенді қатысып жүр. Сіздің ойыңызша, бұл нені білдіреді?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев – қазіргі әлемдік саясаттағы негізгі тұлғалардың бірі. Астанаға қазіргі заманның ең өткір мәселелерін талқылағысы келетін саясаткерлер мен тиімді келісімшарттар жасасуға ниетті ірі бизнес өкілдері ағылып келеді.

Бұған екі себеп бар. Біріншіден, Президент Тоқаев – дарынды мемлекет қайраткері әрі жоғары бағаланатын дипломат және білікті сұхбаттас. Екіншіден, оның ішкі және сыртқы саясатының нәтижесінде Қазақстан өңірдегі негізгі мемлекетке айналды. Ал әлемде табысқа жеткен елдермен ынтымақтастық орнатуға бәрі мүдделі.

Сондықтан Президент Тоқаевты Нью-Делиге шақырып, оның сөзін үлкен қызығушылықпен тыңдауы заңды.

– Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Дели саммитінде геосаяси текетірес, милитаризацияның күшеюі және көпжақты институттардың әлсіреуі сипатындағы "Ұлы фрагментация" дәуірінің басталғанын айтты. Сіздің ойыңызша, бұл анықтама қазіргі халықаралық жағдайды қаншалықты дәл сипаттайды және әлем шынымен де одан әрі бөлшектене түсе ме?

– Президент өте дипломатиялық тұрғыда пікір білдірді. Ол Құрылтайдың алғашқы сессиясында да "соғысқа, дағдарысқа және өзара сенімсіздікке толы қазіргі әлем" туралы айтқан болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев зорлық-зомбылықтың әлемдік экономикаға келтіріп отырған орасан зор шығынына да тоқталды.

Қазір хаос, күйреу және жаңа дүниежүзілік соғыс болады деген болжамдар айтылып жүр. Өкінішке қарай, бұл енді қиял сияқты көрінбейді. Бірақ Қазақстан Президенті тек дабыл қағумен шектелмей, ел ішінде және халықаралық аренада не істеуге болатыны әрі не істеу керектігі туралы айтып келеді.

Президенттің Қауіпсіздік кеңесін Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және халықаралық аренадағы ұлттық мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған дербес мемлекеттік орган ретінде құруына назар аудармауға болмайды. Қауіпсіздік кеңесінің аппараты ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді бақылауды күшейту және жетілдірумен, жаһандық қатерлер мен сын-қатерлерді жан-жақты талдаумен айналысуы керек.

Халықаралық мәселелерге келсек, Тоқаев БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалау қажет деп санайды. Бұл Азия, Африка және Латын Америкасының әділ өкілдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстан сияқты мемлекеттер жаһандық шешімдер қабылдауда салмақтырақ дауысқа ие болуы керек. Мұндай реформа көптеген қақтығыстардың алдын алуға көмектеседі.

– Президенттің пікірінше, қазіргі әлем ядролық державалар арасында ядролық қауіптерді, соның ішінде жаңа технологияларға байланысты қатерлерді азайту үшін диалог орнатуды қажет етеді. Бүгінде мұндай диалог қаншалықты мүмкін және оны қандай тетіктер іске қоса алады?

– Тек "үлкен үштік" – Ресей, Қытай және АҚШ – күш біріктірген жағдайда ғана оқиғалардың алаңдатарлық дамуын тоқтата алады деген күмән жоқ.

Негізінде, БҰҰ да кезінде осы мақсатта құрылды, ал Қауіпсіздік кеңесіне орасан зор өкілеттіктер берілді. АҚШ президенті Франклин Рузвельт Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалған төрт полицей басқа мемлекеттерді бақылап, барлық қақтығыстарды тоқтатады деген болатын. Ұлыбритания, АҚШ, Кеңес Одағы және Қытай – сол кезде тек осы елдерге қару ұстауға рұқсат етіледі деп жоспарланған.

Қазір де мәселе сол күйінде қалып отыр. Үш ұлы держава өзара келіспеушіліктерін шетке ысырып, күш біріктірсе ғана әлемдегі ахуалды өзгерте алады. Біреуді сендіруге, ал біреуді мәжбүрлеуге болады.

– Қасым-Жомарт Тоқаев "БРИКС плюс" аясында жасанды интеллект саласында серіктестік және БҰҰ жанынан Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Бұл бастамалар саяси ұсыныстан нақты халықаралық жобаларға айнала ала ма?

– Шынымды айтсам, Қазақстан Президенті іс жүзінде жүзеге асуы мүмкін емес бірдеңе ұсынғанын есіме түсіре алмаймын.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектті кеңінен қолданудың маңызы мен болашағын алғашқылардың бірі болып түсінді. Ол Қазақстанның цифрлық трансформацияны ауқымды түрде пайдалануына бар күшін салып келеді.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің Тоқаевпен кездесу барысында Қазақстан Президентінің "жігерлендіретін және өзекті бастамаларға толы сөзін" атап өтіп, оның идеяларын қолдауы да маңызды. Сол бастамалардың бірі – Еуразиялық экономикалық одақ пен БРИКС арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты кеңейту.

– Сіз сұхбаттарыңызда Қазақстан Президентінің мол дипломатиялық тәжірибесін жиі атап өтесіз. БРИКС саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар маңызды кездесу өткізді. Келіссөздердің қай тұстарын ең маңызды деп санайсыз?

– Мұндай жоғары деңгейдегі халықаралық саммиттерде мемлекет басшыларының жеке кездесулері ерекше маңызға ие. Жабық есік жағдайында, бетпе-бет отырып, олар ең өткір мәселелерді талқылап, шешім таба алады. Мұндай әңгімелер дипломаттар арқылы жүргізілетін ресми қарым-қатынасқа немесе тіпті телефон арқылы сөйлесуге қарағанда әлдеқайда ашық болады.

Әрине, Ресей Президенті Владимир Путин мен Президент Тоқаевтың кездесуі назар аудартады. Ресей басшысының баспасөз хатшысы: "Иә, мұндай идея пайда болды. Владимир Путин мемлекет басшыларының ресми қабылдауы аяқталғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевты Үндістандағы резиденциясына бейресми жағдайда әңгімелесуге шақырды", – деді.

Екі елдің басшылары жиі кездесіп тұрады. Владимир Владимирович бір кездері мемлекетаралық қарым-қатынастарды "бауырластық деуге болады" деп бағалаған еді. БРИКС саммитіндегі кездесу – тұрақты диалог пен табысты ынтымақтастықтың тағы бір дәлелі.

БРИКС саммиті аясында Тоқаев АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Серджио Гормен де кездесті. Ол Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында Дональд Трамптың құттықтауын жеткізді:

"Мен елдеріміз арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалаймын және екі президенттік мерзімім кезінде Сіз екеуміз қалыптастырған тамаша қарым-қатынастардың одан әрі дамуына үміттенемін. Қазақстан халқы Сіздей мықты әрі батыл көшбасшының болғанына бақытты. Мен үшін осы маңызды мерекеге қосылу үлкен мәртебе", – делінген құттықтауда.

Қазіргі АҚШ президенті мұндай жылы лебізді жиі білдіре бермейді. Президент Тоқаев Трампқа жақсы әсер қалдырған. Ал Вашингтон мен Астана арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетті. Енді Қазақстан Президентін АҚШ-та күтуде.

Ресей
АҚШ
Қазақстан
Қытай
Путин Владимир
Қасым-Жомарт Тоқаев

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Астана, Алматы, Шымкент. Алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы

"Тұман түсіп, қатты жел тұрады". Дүйсенбіде еліміздің басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды

Қазақстанда бір күнде 12 орман өрті тіркелді

"Үздік педагог" атағын беру тәртібі: не өзгерді

Министрліктер мен мемлекеттік органдардың МКК органдарына мәліметтерді ұсыну қағидалары мен мерзімі бекітілді