Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ халықты жылумен үздіксіз қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындауға баса назар аударылды.
Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров энергия көздері мен жылу желілерінің дайындығы және отынмен қамтамасыз ету жөнінде баяндады. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның жылыту маусымына әзірлігі туралы мәлімет берді.
Сондай-ақ Абай облысының әкімі Берік Уәли, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов және Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен есеп берді.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, энергия көздері жылыту маусымын бастауға қажетті жабдықтармен және отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етілген.
Бүгінде төрт энергоблок, 28 қазандық пен 18 турбинаны жөндеу аяқталды. Тағы үш энергоблокта, 26 қазандықта және 21 турбинада жұмыстар жалғасып жатыр.
Өңірлік электр желілерінде жоспарланған жұмыс көлемі орындалды. 17,1 мың шақырым электр тарату желісі мен 444 қосалқы стансаның 426-сы жылыту маусымына дайын.
Реконструкциялау және күрделі жөндеу жоспарланған 377 шақырым жылу желісінің 352 шақырымында жұмыс аяқталды. Бұл – жоспардың 93%-ы.
Аталған мақсаттарға, оның ішінде "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 196,8 млрд теңге қарастырылған. Жөндеу науқанының қорытындысы бойынша жылу желілерінің тозу деңгейі 48%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.
Жылу көздерін, жылу және электр желілерін дайындау кезіндегі шұғыл міндеттерді шешуге Үкімет резервінен 27,9 млрд теңге бөлінді. Биыл электр стансаларын реконструкциялауға 384 млрд теңге қарастырылған. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 9%-ға артық.
Энергия көздерінің қоймаларында 4,8 млн тонна көмір мен 127 мың тонна мазут жиналды. Бұдан бөлек, 255 мың тонна "әлеуметтік" мазут жеткізу кестесі бекітілді.
Алдағы маусымда халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге сұранысы 7,3 млн тоннаны құрайды. Оны жеткізу жұмыстарын әкімдіктердің, көмір өндіруші кәсіпорындардың, операторлар мен "Қазақстан темір жолының" қатысуымен республикалық штаб үйлестіреді.
Кеңесте жоспарға енгізілген барлық әлеуметтік нысан мен тұрғын үйдің жылыту маусымына дайындығы аяқталғаны айтылды.
Олардың қатарында:
- 10 913 білім беру нысаны;
- 5 394 медициналық мекеме;
- 14 939 автономды қазандық;
- 53 610 тұрғын үй бар.
Отын қоры бойынша көмір жоспарланған көлемнің 80%-ын, мазут 88%-ын, дизель отыны 100%-ын құрады.
Абай облысында жалпы құны 14,5 млрд теңге болатын 32 жөндеу жобасы жүзеге асырылды. Ұлттық жоба аясында тағы алты жобаға 15,8 млрд теңге бағытталды. Өңірде 53,7 шақырым жылу желісі ауыстырылып жатыр. Бұл олардың тозу деңгейін 52,3%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Барлық жұмыс қыркүйектің соңына дейін аяқталады.
Ақмола облысында төрт блокты-модульді қазандықтың құрылысы аяқталды, 26 қазандықтың 24-і ауыстырылып, 37 шақырым жылу желісі жөнделді. Өңірдегі жоспар 97%-ға орындалған. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй қоры толығымен дайын.
Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл ЖЭО-2 жылыту маусымы басталған кезде жылу беруге дайын. Алты қазандық пен алты турбина жөнделіп, сегіз қазандық агрегаты жұмысқа әзірленді. Петропавлдағы жылу магистральдарын дайындау 20 қыркүйекке дейін аяқталады. Өңірде жылыту маусымы 28 қыркүйекте басталады.
Ұлытау облысында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар жылу беруге толық дайын. Жезқазған ЖЭО-да төрт қазандық пен төрт турбина ағымдағы жөндеуден, ал №11 қазандық күрделі жөндеуден өтті. Сәтбаевтағы №1 жылу стансасы мен ЖЭО-ның басқа жабдықтарын дайындау жалғасып жатыр.
Олжас Бектенов қалған жұмыстарды аяқтап, жылуды уақтылы беруді қамтамасыз етуді тапсырды. Энергетика министрлігіне "Қазақстан темір жолымен" бірлесіп, энергия нысандары мен халыққа көмір және мазут жеткізу жөнінде шаралар қабылдау міндеті жүктелді.
"Азаматтарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету – Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі. Президенттің тапсырмасы бойынша жөндеу жұмыстарын қаржыландыру ұлғайтылды. Жергілікті әкімдер барлық нысанның, әсіресе әлеуметтік және өнеркәсіптік инфрақұрылымның дайындығын жеке бақылауда ұстауы тиіс", – деді Премьер-министр.