Мемлекет басшысының сөзінше, азаматтардың мемлекеттік басқару үдерісіне тікелей қатысуына мүмкіндік беретін тетіктер құру – елді жаңғыртудың бір жолы. Осы мақсатта Қазақстан Халық Кеңесі құрамының үштен бірі қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерінен жасақталған.
Президент мұны өзгерістердің жаңа кезеңі деп атап, осы уақытқа дейін атқарылған жұмысты объективті бағалау және алдағы күрделі сын-қатерлерді шешудің жаңа тәсілдерін әзірлеу қажет екенін айтты.
"Елімізге популистер немесе мансапқорлар емес, кәсіби ортада мойындалған көшбасшылар мен түрлі саланың майталмандары, нағыз патриоттар қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы "үшінші сектордың" дамығанын, қоғамдық бақылау тетіктері қалыптасып, кері байланыс жолға қойылғанын атап өтті. Сонымен бірге реформаларды жүзеге асыруда босаңсуға болмайтынын ескертті.
"Реформалар самарқаулықты көтермейді. Біз мұны жақында өткен жағдайдан сабақ алып, көкейімізге мықтап түйдік. Өзгерістер кезеңіндегі қысқа мерзімді кідірістің өзі тұрақтылықтың шырқын бұзып, ауыр салдарға ұрындыруы ықтимал", – деді Президент.