Әлеуметтік желідегі негатив: біз өзі не оқып жүргенімізге мән береміз бе

Сурет: unsplash
Біздің көпшілігіміздің әр күні әлеуметтік медиадан басталады. Таңертең смартфонды қолға ала салып, Instagram, Threads, TikTok немесе басқа платформаларды шолып шығамыз. Ал біз күні бойы қандай ақпаратты тұтынамыз? Осы жайын ойлап көргендер бар ма? Ал Zakon.kz өзінше ізденіс жасап көрді.

Негатив желіде неге жиі жарияланады

Әлеуметтік желідегі лента кездейсоқ қалыптаспайды. Біз қай жазбаға ұзақ қарадық, қай видеоны соңына дейін көрдік, неге лайк бастық, қай пікірді аштық – алгоритм мұның бәрін ескереді. Содан кейін соған ұқсас дүниелерді көбірек ұсына бастайды.

Ал дау-жанжал, әділетсіздік, біреудің шағымы немесе ашу туғызатын оқиға адамды бейжай қалдырмайды. Біреу пікір жазады, екіншісі оған жауап береді, үшіншісі дауға қосылады. Жазбаға қызығушылық артқан сайын оның таралымы да көбейеді.

Яғни әлеуметтік желі негативті әдейі алға шығарады деу дұрыс болмас. Алгоритмге адамның не сезінгенінен гөрі, жазбаға қаншалықты назар аударғаны маңызды. Ал негативті контент көбіне назарымызды ұзақ ұстайды.

Қазақстандық Threads-те не талқыланады?

Threads Қазақстанда да аз уақыттың ішінде танымал платформалардың біріне айналды. DataReportal мәліметінше, оның қазақстандық аудиториясы 1,85 миллион адамға жеткен. Мұнда жұмыс іздейтін де, тауарын ұсынатын да, танысатын да, басынан өткен оқиғасын бөлісетін де адам көп. Еңбек дауы, қарым-қатынас, тіл мен дін мәселелері де жиі көтеріледі. Кейбір жазбалар жүздеген мың қаралым жинап жатады.

Әлеуметтік желінің жақсы жағы да осы тұста көрінеді. Бұрын бір адамның жеке мәселесі болып қалуы мүмкін жағдай көпшілікке жетіп, қоғам назарын аударады. Кейде үлкен резонанс компанияның, жұмыс берушінің немесе мемлекеттік органның мәселеге жедел назар аударуына түрткі болады.

Демек, мәселе әлеуметтік желіде проблема туралы жазбауда емес. Мәселе – күн сайын оқитын ақпаратымыздың басым бөлігі дау, шағым мен айыптауға айналып кетпеуінде.

Желідегі дау қоғамның шынайы көңіл-күйін көрсете ме?

Күн сайын жанжал, алаяқтық пен әділетсіздік туралы оқи берсеңіз, бір кезде айналаңыздың бәрі осындай болып кеткендей көрінуі мүмкін. Бірақ әлеуметтік желідегі лента – өмірдің толық көрінісі емес.

Оның үстіне боттар мен анонимді аккаунттарды да естен шығармаған жөн. Threads-те мұндай парақшалар қоғам үшін сезімтал тақырыптардағы пікірталасқа араласып, даудың қызуына әсер етуі мүмкін. Оған кейін қарапайым қолданушылар қосылып, шағын пікірталас үлкен дауға ұласады.

Сондықтан желідегі қызу талқылауды бірден қоғамның ортақ пікірі деп қабылдамаған жөн. Threads-та жүздеген адам дауласып жатса да, бұл дәл сондай көзқарас қоғамда жаппай таралғанын білдірмейді.

Негатив адамға қалай әсер етеді?

Әрине, әлеуметтік желі қолданған адамның бәрі міндетті түрде күйзеліске түседі деуге болмайды. Әркім ақпаратты әртүрлі қабылдайды. Дегенмен әлеуметтік желіні шамадан тыс пайдалану мазасыздық пен күйзеліске әсер етуі мүмкін екенін көрсететін зерттеулер бар.

Кейде адам желіге аздап көңіл бөлу, демалу үшін кіреді. Бірақ жарты сағаттан кейін бірнеше адамның жанжалын оқып, біреудің қайғысына алаңдап, тағы біреудің сөзіне ашуланып шығады, яғни кейде сондай көңіл күймен бір күнін өткізеді.

Мұндай ақпарат күн сайын қайталана берсе, адам эмоционалдық тұрғыдан шаршайды. Басында әр оқиғаға алаңдаса, уақыт өте кезекті дау немесе "шок" жаңалыққа селқос қарай бастайды. Кейбір қолданушылар осы себепті желіде сирек жазып, тіпті әлеуметтік желіге кіретін уақытын азайтады. Өйткені бітпейтін дау мен бөтен адамдардың агрессиясы да қажытады.

Не оқып жүргенімізге де мән берген жөн

Біз күнделікті не жейтінімізге мән береміз. Пайдалы тағамды таңдауға, зиянын азайтуға тырысамыз. Ал күніне бірнеше сағат бойы санамызға қандай ақпарат сіңіріп жүргенімізді көп жағдайда ойлай бермейміз.

Әлеуметтік желіден мүлде бас тартудың қажеті жоқ. Бірақ өз лентамызға саналы түрде қараған дұрыс. Қандай парақшаларды оқимыз, қандай тақырыптарға уақытымызды жұмсаймыз, қай пікірталасқа араласамыз – мұның бәрін өзіміз таңдай аламыз.

Ең бастысы, әлеуметтік желідегі көріністі шынайы өмірмен теңестірмеу керек. Бір күнде ондаған жанжал көру – айналамыздың бәрі жанжалдасып жүр деген сөз емес. Жүздеген ашулы пікір де бүкіл қоғамның ойын білдірмейді.

Сондықтан кейде "Бүгін әлеуметтік желіде қанша уақыт отырдым?" деп қана емес, "Бүгін не оқыдым, оның маған қандай әсері болды?" деп те ойланып қойған жөн.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қорғаныс министрі жаңадан тағайындалды

Тоқаев Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысын тағайындады

Қазақстанда педагогтерді аттестаттау ережелері жаңартылды

Димаш Құдайбергеннің әлемге әйгілі болуының сыры неде: Шоумен пікір білдірді

Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу жиыны кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер наградталды