Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы Денисов ауданындағы шаруа қожалығына қарсы сотқа талап арыз берген. Инспекция фермерді ауру жұқтырған малды санитариялық союға жіберуге міндеттеуді сұраған. Бұған дейін зертханалық зерттеулер қожалықтағы малдың бруцеллезге шалдыққанын растаған.
"Ветеринариялық-санитариялық инспектор қожалыққа ауру малды санитариялық сою және олар ұсталған қора-жайларды санитариялық тазарту туралы нұсқама берген. Алайда белгіленген мерзімде нұсқама талаптары орындалмаған", – делінген Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2026 жылғы 15 қазандағы хабарламасында.
Сот талқылауы барысында ауру жұқтырған малдың ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікке қатер төндіргені анықталды. Ал жауапкер зертханалық зерттеу нәтижелерін жоққа шығаратын немесе нұсқаманың орындалғанын растайтын дәлелдер ұсынбаған.
Сот қожалықты ірі қараны санитариялық союға жіберуге, сондай-ақ мал ұсталған қора-жайларды санитариялық тазартуға міндеттеді.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Ал Батыс Қазақстан облысында кәсіпкер агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы аясында бөлінген қаражатты жымқыру схемасын ұйымдастырған.