Бектенов жәрдемақы төлеу туралы: Мұқтаж қазақстандықтарға мемлекеттік қолдау толық сақталады

Премьер-министр Олжас Бектенов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиында талқыланған мәселелер туралы 2026 жылғы 16 қазанда ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Zakon.kz., сурет - Zakon.kz жаңалық 16.10.2026 14:04 Сурет: primeminister.kz
Премьер-министр Олжас Бектенов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиында талқыланған мәселелер туралы 2026 жылғы 16 қазанда ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Zakon.kz.

Кеңесте мемлекеттік әлеуметтік көмектің нақты мұқтаж жандарға жетуін қамтамасыз ететін цифрлық шешімдерге назар аударылды. Сондай-ақ кәсіпорындардың азаматтардың еңбек құқықтарын қатаң сақтауына және еңбек саласындағы тәуекелдердің алдын алуға ықпал ететін технологиялар қаралды.

"Мемлекет басшысы азаматтардың өмір сапасын жақсарту үшін ауқымды цифрландыруды және жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді тапсырды. Әлеуметтік-еңбек саласы үшін, әсіресе жүргізіліп жатқан реформаны ескерсек, мұның маңызы зор. Біз қолдау шараларының ашық есебін жүргізіп, олардың нақты түпкі нәтижесін бағалауды қамтамасыз етуіміз керек. Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басым міндеті", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев пен вице-министр Бақтияр Жазықпаев негізгі цифрлық шешімдерді таныстырды.

"Отбасының цифрлық картасы" ақпараттық жүйесінде 6,2 млн үй шаруашылығына кіретін 20 млн-нан астам азамат туралы 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйенің деректері біріктірілген. Бағалаудың объективтілігін арттыру үшін жергілікті атқарушы органдар азаматтардың нақты тұрмыс жағдайын ескере отырып, мәліметтерді тексеріп жатыр.

Олжас Бектенов өңірлердегі жағдаймен танысты. Бұған дейін әкімдерге "Отбасының цифрлық картасы" негізінде мұқтаж азаматтарға проактивті әлеуметтік қолдау көрсету жұмысын жандандыру тапсырылған. Бұл жұмыс олардың жұмысқа орналасуына, білім алуына, жеңілдетілген несие рәсімдеуіне және өз кәсібін ашуына жәрдемдесуді көздейді.

Осылайша, көрсетілетін қолдау азаматтардың өмір сапасын одан әрі жақсартуына негіз болуы тиіс. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 2025 жылы мұқтаж 480 355 отбасының тұрмыс жағдайы жақсарып, олар әл-ауқат деңгейі жоғарырақ санатқа ауыстырылған. 2026 жылдың басынан бері тағы 464 158 отбасы осындай санатқа өткен.

Сонымен қатар әлеуметтік төлемдердің нақты мұқтаж жандарға берілуін қамтамасыз ету үшін оларды оңтайландыру реформасының барысы қаралды. Әкімдіктермен бірлесіп, ауқатты отбасылар туралы деректер тексерілген. Бұл отбасыларға қатысты өзгерістер төлемнің 36 түрінің тек 14-іне қолданылады. Қалған 22 әлеуметтік төлем бойынша қолданыстағы тетіктер сақталады.

Мұқтаж азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсетудің қазіргі тәртібі толық көлемде сақталатыны атап өтілді.

Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы жұмыс тобы өңірлерге барып, аумақтық департаменттер базасында туындаған барлық сұрақ бойынша кеңес беріп жатыр. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, әл-ауқаты жоғары санаттарға жатқызылған отбасылардың деректерін қосымша тексеруде. Тексеру нәтижесінде бағалаудың объективтілігін қамтамасыз ету және әл-ауқат санаттарын дұрыс анықтау үшін олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы нақтыланады.

Бүгінде SMS-хабарламалар жіберілгеннен кейін 200-ден астам азамат мұқтаж болмағандықтан жәрдемақыдан бас тартатынын мәлімдеген. Осы бағытта Еңбек министрлігі eGov Mobile қосымшасында іске қосылатын жәрдемақыдан ерікті түрде бас тарту сервисінің жаңа жобасын таныстырды. Оның көмегімен әлеуметтік жәрдемақы алатын ауқатты азаматтар мемлекеттік органдарға бармай-ақ, төлемдерден онлайн бас тарта алады.

Үкімет басшысы отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтайтын калькуляторды азаматтарға ыңғайлы етуді тапсырды. Ол үшін деректер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде толтырылуы тиіс. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екінші деңгейлі банктерді "Отбасының цифрлық картасына" қосуды жеделдету тапсырылды.

Бірыңғай цифрлық платформа аясында жергілікті атқарушы органдар бұрын бір-бірінен бөлек көрсетіп келген 66 әлеуметтік көмек шарасы қайта қаралды. Нәтижесінде орталық және жергілікті деңгейлерде ішінара қайталанатын 38 шара оңтайландырылды. Қалған 28 шара ел бойынша тағайындау өлшемшарттары бірыңғай 13 ірі бағытқа біріктірілді.

Жүйе өтініш беруден бастап нақты төлем жасалғанға дейінгі қолдау көрсетудің барлық кезеңін бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ көмек алушылар санын, қолдау шараларына сұранысты және жергілікті бюджеттердің шығыстарын қадағалауға болады. Бұл қаражат бөлудің ашықтығын арттырып, төлемдердің қайталануына жол бермейді.

Бірыңғай цифрлық платформада өтініш қабылдау және әлеуметтік қолдау шараларын тағайындау функциясы биылғы маусымда іске қосылды. Содан бері жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеден асатын 55 мыңнан астам өтініш түскен. Оның ішінде 1,8 млрд теңгеден астам сомаға өтініштер қаралып, мақұлданды. Қазір платформаны "Отбасының цифрлық картасымен" біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Премьер-министр ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктерімен бірлесіп, мемлекеттік қолдау шараларының Бірыңғай цифрлық платформада есепке алынуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы кәсіпорындарда еңбек заңнамасының ықтимал бұзылуын ерте анықтауға арналған. Қызметкерлер саны 10 адамнан басталатын 99 мыңнан астам кәсіпорын тұрақты бақылауға алынған. Жүйе үш негізгі бағыт бойынша 80-нен астам көрсеткішті талдайды: қаржылық, әлеуметтік, сондай-ақ еңбек қатынастары мен қауіпсіздігі.

Бүгінде тәуекел деңгейі жоғары 2 792 кәсіпорын және тәуекел деңгейі орташа 3 137 кәсіпорын анықталған. Анықталған бұзушылықтардың арасында міндетті жарналар мен аударымдарды уақтылы аудармау, еңбекақы деңгейіндегі айырмашылықтар, ең төменгі жалақыға қатысты нормаларды сақтамау және еңбек заңнамасының өзге де талаптарын бұзу бар.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне анықталған тәуекелдерге ден қою тәртібін әзірлеп, қабылданған шаралардың нәтижесін бағалауды көздеу тапсырылды.

Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіруге арналған жасанды интеллект негізіндегі цифрлық шешімдер таныстырылды. Атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау кезінде компьютерлік көру технологиясы өтініш берушінің тұрғылықты жеріне бармай-ақ, талдау нәтижелерін учаскелік комиссиялардың қорытындыларымен салыстыруға мүмкіндік береді.

Осы технологияның көмегімен 183 мыңнан астам өтініш өңделген. Модельдің дәлдігі 89%-дан асады. Дегенмен жасанды интеллектінің қорытындысы ұсынымдық сипатқа ие. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау туралы түпкілікті шешім белгіленген тәртіппен қабылданады.

Премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, дербес деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, аталған шешімдерді бірыңғай цифрлық архитектура аясында одан әрі енгізуді тапсырды.

"Бүгін біз отбасының әл-ауқатын бағалау мен қолдау шараларын тағайындаудан бастап еңбек қатынастарын цифрлық есепке алуға дейінгі әлеуметтік-еңбек саласының цифрлық шешімдерін қарастырдық. Бұл құралдардың сенімді деректерге негізделіп, азаматтар үшін нақты нәтиже беретін бірыңғай цифрлық экожүйе ретінде жұмыс істеуі маңызды", – деді Олжас Бектенов.

Ол цифрлық құралдардың тұрақты жұмысын, ведомствоаралық өзара іс-қимылды және азаматтар үшін нақты, өлшенетін нәтижені қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.

"Президент атап өткендей, Қазақстан әлеуметтік бағдарланған мемлекет болды және солай болып қала береді. Біз әлеуметтік қамсыздандыру саласында ауқымды реформа жүргізіп, мұқтаждық пен атаулылық қағидатына көшіп жатырмыз. Бұл ретте қиын өмірлік жағдайға тап болған әрбір отбасы қажетті қолдауды толық көлемде алуды жалғастырады. Мұқтаж азаматтарға мемлекеттік қолдау шаралары толығымен сақталады. Түсіндіру жұмыстарын жүргізгенде және халықпен кездесулерде осыған ерекше назар аудару қажет", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

2026 жылғы 14 қазанда Құрылтайдың жалпы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев отбасының әл-ауқат деңгейін анықтау және мемлекеттік қолдау шараларын тағайындау кезінде қандай деректер ескерілетінін айтты.

Ал премьер-министр Олжас Бектенов "өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар бай әрі ауқатты адамдар мемлекеттен көмек алмауы керек, олар өз күшіне сенуі тиіс" деп мәлімдеді.

Сонымен қатар премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бай және ауқатты санатына жататын қазақстандықтардың санын атады.

15 қазанда Еңбек министрлігі Қазақстанда қандай отбасылар ауқатты санаттарға (А және В) жатқызылып, 2027 жылы жәрдемақылардан айырылуы мүмкін екенін түсіндірді. Ал 16 қазанда қандай отбасылар C, D және E санаттарына жататыны және олардың жәрдемақы алу құқығы сақтала ма деген сұраққа жауап берілді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: