"Қазгидромет" РМК синоптиктерінің мәліметінше, циклон мен атмосфералық фронттардың әсерінен республиканың шығыс жартысында ауа райы тұрақсыз болады.
"Шығыста қалың қар жауады, ал солтүстік пен шығыста бұрқасын соғады", – делінген "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қазақстанның қалған бөлігінде антициклон сілемінің әсерінен жауын-шашын болмайды.
Сонымен қатар республика бойынша жел күшейіп, тұман түседі.
Бұдан бөлек, түнде Жамбыл облысының батысы мен шығысында, Алматы және Түркістан облыстарының солтүстігінде, Қызылорда облысының батысы мен солтүстігінде, сондай-ақ Жетісу облысының солтүстігінде ауа температурасы -1…-3 градусқа дейін төмендеп, үсік жүреді.