Бұл туралы 2026 жылғы 27 қазанда Ақорданың Telegram-арнасында жарияланды.
"Мемлекет басшысының өкімімен Нұрболат Азаматұлы Мағзұмов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды", – делінген хабарламада.
Ал Президенттің тағы бір өкімімен Ержан Сейітқұлов ҚР Президенті Әкімшілігінің Ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылды. Ол бұл қызметті 2024 жылғы 1 тамыздан бері атқарып келген.
Ержан Сейітқұлов 1979 жылғы 4 сәуірде Алматы облысында дүниеге келген. 2001 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетін бітірген. Физика-математика ғылымдарының кандидаты, информатика, есептеу техникасы және басқару салаларының қауымдастырылған профессоры. "Болашақ" бағдарламасы аясында Нью-Йорк штаты университетінде "Ақпаратты қорғау әдістері мен жүйелері, ақпараттық қауіпсіздік" мамандығы бойынша ғылыми тағылымдамадан өткен.
Сурет: akorda.kz
Еңбек жолын 2002 жылы Астанадағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалында математика пәнінің оқытушысы болып бастаған.
2007–2011 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар факультетінде аға оқытушы, доцент және ғылым жөніндегі деканның орынбасары қызметтерін атқарған. 2012–2022 жылдары осы университеттің Ақпараттық қауіпсіздік және криптология ғылыми-зерттеу институтының директоры болған. Ал 2022 жылғы тамыздан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының "Инженерлік-техникалық орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры қызметін атқарған.
2023 жылғы қарашада ҚР Президенті Әкімшілігінің Ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің меңгерушісі орынбасары қызметіне тағайындалған. Сол жылдың 4 желтоқсанында Мемлекет басшысының өкімімен ҚР Президенті Әкімшілігінің Ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған.
Ержан Сейітқұлов ҚР Президенті Әкімшілігінің Ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің меңгерушісі қызметін 2024 жылғы 1 тамыздан бастап атқарған.