Мемлекет басшысы Қазақстанның минералдар мен шикізатқа бай екенін атап өтіп, елдің индустриялық-технологиялық тұрғыдан жедел дамуына қажетті тетіктерді әзірлеу керектігін жеткізді.
"Сондықтан геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет. Жаңа кен орындарын бұрынғы заманнан қалған әдістермен іздеу оң нәтиже бермейтіні анық. Қазіргі таңда геологияны жоғары технологиялық сала ретінде мойындауымыз керек", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев озық технологиялардың көмегімен жер қойнауын толыққанды зерттеп, деректердің ашық әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды екенін айтты. Сондай-ақ жаңа кен орындарын іздеу мен барлауға жеке қаражатты белсенді тарту қажеттігіне тоқталды.
"Бәріңізге мәлім, қазір айрықша маңызды металдардың рөлі артып келеді. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, бізге де осындай металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құру қажет", – деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, бұл жүйеде тау-кен саласындағы жобаларды ұзақмерзімді қаржыландыруға мүмкіндік беретін нақты тетіктер болуы керек. Осы бағытта жұмыс істейтін кәсіпорындармен оффтейк-келісімшарттар жасау арқылы кепілді сұранысты қамтамасыз ету қажет.
"Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Осы мәселені кәсіпкерлермен бірлесе талқылап, жыл соңына дейін маған нақты ұсыныс енгізу қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.