Мемлекет басшысы жаңадан ашылған кәсіпорындар жұмыс істеп тұрған жергілікті бизнес нысандарына орынсыз кедергі келтірмеуге тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, инвесторларды тартқан кезде әр аймақ пен саланы мұқият зерделеу қажет.
"Мәселен, елімізде металл өндіретін Qarmet деген ірі кәсіпорын бар. Соған қарамастан, тағы үш облыста дәл осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Осы кәсіпорындардың өнімі нарықтың сұранысына ие бола ма? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ сияқты. Сондықтан осындай үйлесімсіз шешімдердің пайдасы күмәнді екеніне дау жоқ", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мекемеаралық байланысты нығайтудың маңызына тоқталып, әр өңір өз басымдықтарына сай жұмыс істеуі керектігін жеткізді.
"Осы мәселе бойынша Үкіметтің үйлестіру рөлін әлдеқайда күшейту қажет екені анық. Бірақ аймақтар жекелеген салаға немесе кәсіпорынға тәуелді болып қалмауға тиіс. Сондықтан өңірде негізгі саланы дамыта отырып, оның айналасында және ішінде де толыққанды біртұтас жүйе құру маңызды", – деді мемлекет басшысы.
Президент осы бағытта білім беру, қолданбалы ғылым, логистика, қызмет көрсету салаларын, сабақтас өндірістер мен технологиялық кәсіпкерлікті дамыту қажеттігін айтты. "Халықтық құрылыс" әр аймақта осындай экожүйе қалыптастыруға оң ықпал ететініне сенім білдірді.
Сондай-ақ мемлекет басшысы сарапшылар мен мамандардың пікіріне сүйене отырып, түсті және сирек кездесетін металдардың ұлттық қорын қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
"Түпкі мақсат – елімізді жаһандық өндіріс тізбегіне қосу. Экспорттық саясатымыз да осы мақсатқа сай жүргізілуі керек. Үкімет бұл саладағы дамыған елдермен стратегиялық серіктестік орнатуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.