Мемлекет басшысы ең төменгі жалақы мөлшері кезең-кезеңімен ұлғая беретінін айтты.
"Мен Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын. Осы міндет келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бұл 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар мемлекет басшысы алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғыртуға ерекше мән берілетінін жеткізді. Осы бағытта жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, жүйені қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту қажет.
"Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді", – деді президент.