Мемлекет басшысы қоғамда оқу-ағарту саласындағы реформаларға қатысты түйткілдер жиі талқыланатынын атап өтті. Оның айтуынша, әр өзгеріс мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге бағытталуға тиіс. Алайда іс жүзінде бұл міндет толық орындалмай отыр.
"Бұрын қағазбастылық көп еді. Енді оның орнын түрлі платформаларға, цифрлық жүйелерге енгізілуге тиіс есептер басып отыр", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздың негізгі миссиясы балаға сапалы білім беріп, сауатты әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу екенін айтты.
"Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек", – деді мемлекет басшысы.
Президент мұғалімдердің абырой-беделін қорғау мәселесіне де тоқталды.
"Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті, күш қолданатын жағдайлар да аз емес. Мұндай кезде көбінесе мектеп әкімшілігі де мұғалімге қысым көрсетіп жатады. Бұл – дұрыс емес", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әр мәселе мұқият әрі жан-жақты қаралуы керектігін атап өтті.
"Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те – бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек. Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты жіті назарда ұстауы қажет", – деді президент.