Президент шағын және орта бизнесті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларына тарту тәсілдерін жетілдіру қажеттігін атап өтті.
"Сатып алынатын тауарлар мен қызметтер көлемінің бір бөлігін шағын және орта кәсіпорындарға арнап бекітуге болады. Бұл ретте жеткізушілерге қойылатын талаптарды жеңілдету қажет. Кәсіпкерлер үшін тұрақты жұмыс істеу ережелерін қамтамасыз ету аса маңызды. Мемлекеттік бақылау айтарлықтай ырықтандырылғанымен, оның кәсіпорындардың жұмысына ықпалы айыппұлдар, жоспардан тыс тексерулер және шоттарды бұғаттаумен қатар жүретін камералдық бақылау арқылы сақталып отыр. Мұндай ықпалды оң деп айтуға мүлдем болмайды. Бір қарағанда, бірінші жартыжылдықтың өзінде жеке кәсіпкерлер тарапынан жасалған құқық бұзушылықтар саны 34 пайызға азайған. Алайда айыппұл сомасы 11 пайызға жуық өсіп, жоспардан тыс тексерулер саны ондаған есе артқан", – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, іскерлік белсенділікті талдау бизнеске жай ғана кедергі келтірмеудің өзі жеткілікті екенін көрсетеді.
"Осы тұрғыдан алғанда, 2020–2023 жылдары микро және шағын бизнесті тексеруге енгізілген мораторий тәжірибесі пайдалы. Бұл тәжірибе өзінің тиімділігін көрсетті. Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесіп, алдыңғы мораторийдің барлық оң және теріс тұстарын ескере отырып, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кезекті үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын талқылауды ұсынамын. Бұл қадамды бақылау-қадағалау жүйесін жаңғыртып, реттеудің цифрлық моделіне көшуге арналған стратегиялық үзіліс ретінде қарастырған жөн", – деді президент.
Бұған дейін Тоқаев уранның мемлекеттік стратегиялық резервін құруды тапсырды.