Іс-шараны Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының "Қоғамдық келісім" КММ ұйымдастырды.
"Медиация негіздері және қақтығыстарды басқару" тақырыбындағы оқу бағдарламасына еліміздің әр өңірінен медиация кеңестерінің өкілдері, кәсіби және қоғамдық медиаторлар, мемлекеттік қызметшілер мен "Қоғамдық келісім" мекемелерінің мамандары қатысты.
Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Семинар барысында медиацияның негізгі қағидаттары, қақтығыстарды басқару, тиімді коммуникация орнату, келіссөз жүргізу және дауларды өзара келісім арқылы шешу тәсілдері талқыланды.
Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Бағдарлама аясында дәрістер, интерактивті тренингтер, топтық жұмыстар және практикалық тапсырмалар ұйымдастырылды. Оларды ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақмола облысы бойынша филиалының директоры, кәсіби тренер-медиатор Асет Абжақов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің "Қоғамдық келісім" РММ сарапшысы Талшын Италиева, Академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің азаматтық және еңбек құқығы кафедрасының аға оқытушысы, кәсіби тренер-медиатор Руслан Тоқатов, БҚО Медиация кеңесінің төрағасы, Республикалық медиация кеңесінің мүшесі Нұртай Қасымов және Шымкент қаласы Медиация кеңесінің төрағасы, Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілер қауымдастығының президенті Дана Кенжеқұлова жүргізді.
Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Практикалық сабақтар барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, түрлі даулы жағдайларды реттеу тәсілдерін пысықтады. Сондай-ақ келіссөз жүргізу, тиімді коммуникация орнату және жанжалдарды өзара келісім арқылы шешу дағдыларын жетілдірді.
Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Форум бағдарламасы аясында қатысушылар Сарайшық тарихи мекеніне экскурсия жасап, көне қаланың тарихы мен рухани-мәдени мұрасымен танысты.
Оқу семинарының қорытындысында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.