Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "QazaqGaz» ҰК" АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауовты қабылдады

Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Әлібек Жамауовты қабылдады. Кездесу барысында компанияның 2026 жылғы жұмысының қорытындысы, ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысы және алдағы жоспарлары талқыланды.

Президентке тұрғындар мен ел экономикасын табиғи газбен қамтамасыз ету, сондай-ақ ұлттық компанияның 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындығы туралы ақпарат берілді.

Әлібек Жамауов Мемлекет басшысының геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Шалқар, Саралжын, Малдыбай, Солтүстік-2, Солтүстік-1, Аққұдық және Придорожное учаскелерінде жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Сонымен қатар Президентке компанияның негізгі инфрақұрылымдық жобаларының жүзеге асырылу барысы таныстырылды.

Атап айтқанда, қуаты жылына 1 млрд текше метр газ өңдеуге жететін Қашаған газ өңдеу зауытының құрылысы жалғасып жатыр. Кәсіпорынды 2027 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.

Бейнеу – Бозой – Шымкент магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жобасы бойынша инженерлік жобалау, жабдықтар мен материалдарды сатып алу жұмыстары басталып, құрылыс-монтаждау кезеңіне кіріскен.

Бұдан бөлек, жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдеуге қауқарлы Қашаған газ өңдеу зауыты және жылына 5 млрд текше метр газ өңдейтін Қарашығанақ газ өңдеу зауыты жобалары бойынша ЕРС-мердігерлер анықталған.

Кездесуде газ саласына цифрлық шешімдерді енгізу мәселесі де сөз болды.

Aqyl Energy бастамасы аясында жасанды интеллект пен деректерді талдау технологияларын қолдану арқылы газбен жабдықтауды есепке алу және басқару үдерістері цифрландырылып жатыр. Сондай-ақ газды есепке алуға арналған 1,3 млн-нан астам құрылғы кезең-кезеңімен интеллектуалды есептегіштерге ауыстырылуда.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына ұлттық компанияның алдағы жоспарлары таныстырылды. Олардың қатарында солтүстік өңірлердегі Көкшетау мен Петропавл қалаларына табиғи газ жеткізу, газ-моторлы отын нарығын дамыту, Рудный қаласында жылына 50 мың тонна сұйытылған табиғи газ өндіретін шағын зауыт салу және төртінші жерасты газ қоймасының құрылысын бастау бар.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жылыту маусымында тұрғындар мен экономиканы табиғи газбен тұрақты қамтамасыз ету, сондай-ақ тауарлық газ қорын ұлғайту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Қазақстан
Қасым-Жомарт Тоқаев
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстанда 3 қарашада жаңбыр, қалың қар жауып, үсік жүреді

Әскери қызметшілерге зейнетақы тағайындау тәртібі өзгерді

Қазақстанда телеарналар мен радио хабар тарату уақытша тоқтайды

"Кездесуге" кешіккені үшін соққыға жығылды: Жамбыл облысында оқушы жансақтау бөліміне түсті

Тоқаевқа Қарағанды облысының даму жоспары таныстырылды