Министрліктің мәліметінше, жаңа бақылау учаскелері Алматы – Қорғас, Қарағанды – Бурылбайтал және Қызылорда – Арал тасжолдарында орналасқан.
"Бұл учаскелерде барлығы алты бақылау аймағы жабдықталады", – деп хабарлады ІІМ.
Камералар көліктің бақылау аймағына кірген және одан шыққан уақытын тіркейді.
"Жүйе жүріп өткен қашықтық пен жолға кеткен уақыт бойынша көліктің орташа жылдамдығын автоматты түрде есептейді. Сондықтан камераға жақындағанда ғана жылдамдықты бәсеңдету жеткіліксіз. Жүйе көліктің бүкіл учаскедегі орташа жылдамдығын есепке алады. Тасжол түзу әрі бос болса, жүргізуші жылдамдығын арттырып жібергенін байқамай қалуы мүмкін", – деп түсіндірді ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Мамандардың айтуынша, жоғары жылдамдық – жүргізушілер мен жолаушылардың қаза табуына әкелетін ауыр жол апаттарының негізгі себептерінің бірі.
"Күзде күн ерте қараяды. Жолда көктайғақ болуы, тұман түсуі немесе қар жаууы мүмкін. Жол қозғалысына қатысушылардың барлығын сапар бойы белгіленген жылдамдық шегінен аспауға, ауа райына қарай жылдамдық таңдауға шақырамыз. Асықпау үшін жолға ертерек шығыңыздар. Үйде сізді жақындарыңыз күтіп отыр. Өзіңізді де, жақындарыңызды да аман сақтаңыз", – делінген ІІМ үндеуінде.
Еліміздегі тағы қай тасжолдарда көліктің орташа жылдамдығы бақыланатынын мына сілтемеден оқи аласыз.