Бұл ерекше сәйкестік туралы 2026 жылғы 9 қарашада Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді.
"Оларды сапта бір-бірінен ажырату оңай емес. Өйткені Алматы қаласында орналасқан ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінде қазір бірден бес жұп егіз қызмет етіп жүр. Сырт келбеттері ұқсас болғанымен, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Еліміздің әр өңірінен келген 10 жас сарбаз бір бөлімшеге түскен. Олардың әрқайсысының өз тарихы, қызығушылығы мен болашаққа жоспары бар. Ал бәрін біріктіретін ортақ нәрсе – әскери қызметті туған бауырларымен бірге өткеріп жатқаны", – делінген хабарламада.
Мәселен, Аман мен Есен Байдуллаевтар Ақтөбе қаласынан әскерге шақырылған.
Олардың жасы 19-да. Араларындағы жас айырмашылығы небәрі тоғыз минут. Әскери қызмет барысында егіздер өздерін жақсы жағынан көрсете білген. Кезекті жауынгерлік кезекшілік кезінде есірткі заттарын тасымалдаған азаматты ұстауға қатысқан.
Тағы бір жұп – Қызылордадан келген Нұртөре мен Жантөре Нұрылдалар.
Бауырлардың жасы 20-да. Олар – отбасындағы кенже балалар. Егіздер білім алу барысында әртүрлі мамандықты таңдағанымен, бүгінде бір әскери ұжымда қызмет етіп жүр. Нұртөре дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерсе, Жантөре фельдшер мамандығын алған.
Қызығы, бес жұптың арасында тағы бір Аман мен Есен бар.
Сапаралы бауырлар Түркістан облысынан әскерге шақырылған. Халық музыкасы олардың өмірінде ерекше орын алады. Әкелерінен дарыған өнерге деген сүйіспеншіліктің арқасында олар дәстүрлі әндер мен термелерді орындайды. Айта кетейік, сарбаздардың әкесінің де егіз бауыры бар. Аман мен Есен 18 жасқа толғаннан кейін келесі күні-ақ әскери борышын өтеуге аттанған.
Нұрасыл мен Ерасыл Иашовтар Тараз қаласынан келген. Олар мектепті бітірген соң бірден әскер қатарына қосылған.
Қазір екеуі де 19 жаста. Әскери қызмет барысында бауырлар полиция қызметкерлерімен бірге құқық бұзушылықтың алдын алу шараларына қатысып, қоғамдық тәртіпті сақтауға көмектеседі. Сонымен қатар олар мерзімді әскери қызметшілерге тегін білім алуға мүмкіндік беретін "Срочник 2.0" білім беру бағдарламасына қатысу үшін құжаттарын тапсырған.
Бесінші жұп – Кентау қаласынан шақырылған Алмас пен Олжас Әбдуәлиевтер.
Олардың да жасы 19-да. Әскерге шақырылғанға дейін бауырлар Шымкенттегі "Мирас" университетінде алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алған. Қызметтерін аяқтаған соң педагогикалық жұмысқа оралып, оқушыларға әскери іс туралы білім беруді жоспарлап отыр. Айта кетейік, Әбдуәлиевтер отбасында тағы бір жұп егіз бар.
Сурет: Telegram/qr_iim_uu
Ұлттық ұлан өкілдерінің айтуынша, бір әскери бөлімде қызмет ету осы 10 сарбазға өмірлеріндегі маңызды кезеңді ең жақын адамдарымен бірге өткеруге мүмкіндік берген. Сырт келбеттері мен туыстық байланыстарына қарамастан, олардың әрқайсысы құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосып, жеке әскери тәжірибе жинақтап, болашаққа жоспар құрып жүр.
Ұлттық ұланның мәліметінше, жыл басынан бері әскери қызметшілер қоғамдық тәртіпті қорғау бойынша 2,3 мыңнан астам тапсырма орындаған. Патрульдік-күзет қызметі барысында ішкі істер органдарына 13 мыңнан астам құқық бұзушы жеткізілген. Олардың ішінде қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған 300 адам бар.
Сурет: Telegram/qr_iim_uu
Бұл міндеттерді орындауға Ұлттық ұланның қомақты күші жұмылдырылған. Қазір еліміздің 21 қаласында 7 мыңнан астам әскери қызметші қоғамдық тәртіпті күзетіп жүр. Тағы 2 мыңнан астам сарбаз мемлекеттік маңызы бар нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тартылған.