Тоқаев: Қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес

Фото: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының Х құрылтайында мемлекеттік тілдің ел бірлігін бекемдеудегі рөліне тоқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы қазақ тілін өзге тілдерге қарсы қоюға болмайтынын айтып, тіл мәселесін пайдаланып, қоғамда жанжал туғызуға тырысқандарды жауапкершілікке тарту қажет екенін мәлімдеді.

"Мен Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында ел бірлігін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл екенін нақты айттым. Дегенмен мына нәрсені есте ұстаған абзал: Қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес. Басқаша айтқанда, ана тілімізді басқа тілдерге қарсы қоюға мүлдем болмайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент тіл мәселесін арандату мақсатында пайдаланатындардың әрекетіне де тоқталды.

"Тілдерді пайдаланып, қоғамдық жанталас, жанжал жасағысы келетін арандатушылар өте қауіпті істермен айналысып жүр. Сондықтан оларды „Заң мен тәртіп" қағидасына сәйкес жауапкершілікке тарту керек. Осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: кез келген тілге қарсы шығу – Жаратқанның адамға берген нығметіне қарсы шығумен бірдей", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің ел ішіндегі ынтымақты нығайтуымен қатар әлем жұртшылығы үшін де тартымды тілге айналуы маңызды екенін айтты.

"Бір тілді басқа тілге қарсы қоюға болмайды. Бұл – үлкен күнә. Оның салдарын өз көзімізбен көріп жатырмыз. Біз қазақ тілін ең алдымен бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дамытуымыз керек. Ана тіліміз жаһан жұртшылығына тартымды тіл болуы керек", – деді Президент.

Мемлекет басшысы азаматтарды бір-біріне құрметпен қарап, елдің тұтастығын сақтауға шақырды.

"Біртұтас халқымызды бөліп-жаруға мүлдем болмайды. Өз тұтастығын сақтай алмаған халық басқаларға үлгі-өнеге көрсете алмайды, басқа елдердің құрметіне ешқашан ие болмайды. „Бірлік бар жерде тірлік бар", бұл – өмірдің талай сынағынан өткен ақиқат. Біз бір-бірімізге құрмет көрсетіп, өзара сыйластықпен қарап, ынтымағымызды нығайта беруіміз қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан
Астана
Тоқаев Касым-Жомарт

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Алматыда 10 қарашада күн +20°C-қа дейін жылып, келесі күні қар жауады

"Бұл – махаббат емес". ІІМ адамды аңдып, қудалағаны үшін жауапкершілік барын ескертті

Ақтөбеде студенттің жатақханадан құлап қаза табуына қатысты сот басталды

Мәскеуден Алматыға ұшқан SCAT ұшағы Астанаға шұғыл қонды

10 қарашада Қазақстанның басым бөлігінде қар мен нөсер жаңбыр жауады