Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, министрлік білім мазмұнын ғана емес, оқушылардың білімін тексеру тәсілдерін де қайта қараған.
"Оқу бағдарламаларындағы жүктемені талдадық. Мысалы, бірінші сыныптың математика бағдарламасында 51 тақырып бар. Оның тек 16-сы арифметика мен санауға қатысты. Қалған тақырыптар бірінші сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне сәйкес келмейді. Сондықтан көптеген тақырыпты үшінші, бесінші, тіпті алтыншы сыныпқа ауыстырдық", – деді министр.
Оның айтуынша, тіл пәндері бойынша да осындай жұмыс жүргізілген. Оқу мазмұнымен бірге білімді тексеру тәсілдері де қайта қаралған.
"Екінші сыныптан бастап диктант, мазмұндама және шығарма жазуды енгізіп жатырмыз. Не үшін? Біз балалар кітап оқуы керек дейміз. Бірақ тіл пәндерінде диктант, мазмұндама мен шығарма болмаса, балалар кітап оқымайды. Өйткені бұл тапсырмаларды орындау үшін бала кемінде белгілі бір көлемде әдеби шығарма оқуы қажет", – деп түсіндірді Оқу-ағарту министрі.
2026 жылғы 8 қыркүйекте Сүлейменова бастауыш сыныптарда бөлім бойынша және тоқсандық жиынтық бағалауды (БЖБ мен ТЖБ) алып тастау мәселесіне қатысты пікір білдірген еді.