Журналистер ата-аналардың екпе алмаған балалардың балабақшаға баруына алаңдайтынын айтты. Ата-аналардың пікірінше, бұл қызылша мен басқа да жұқпалы аурулардың таралуына ықпал етеді. Осыған байланысты журналистер аурушаңдық өскен кезеңде екпе алмаған балалардың мектептер мен балабақшаларға баруын уақытша шектеу жөнінде Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері бірлескен шешім қабылдауды жоспарлап отырғанын сұрады.
"Қазір мұндай бұйрық бар. Бұл әсіресе қызылшаға қатысты. Ұжымдық иммунитет қалыптаспаған жағдайда мектепке дейінгі ұйымдарға да, мектептерге де баруға тыйым салынады. Мысалы, топтағы немесе сыныптағы балалардың басым бөлігі екпе алған болса, бір баланың (екпе алмаған баланың. – Ред.) сабаққа қатысуы сол ұжымдағы иммунитет деңгейіне әсер етпейді. Яғни мұндай баланың сабаққа баруына болады. Бірақ әр жағдайды жеке қарастыру қажет. Егер сыныптағы немесе топтағы балалардың басым бөлігі екпе алмаған болса, мектепке де, балабақшаға да баруға тыйым салынады", – деп жауап берді Манас Рамазанов.
Бұған дейін Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли ата-аналық міндеттерді орындамау деректерінің көбеюіне байланысты жауапты ата-ана болу бағдарламасын кеңейту туралы айтқан еді.