Жұлдыз Сүлейменова бұл бағытта мәселе бар екенін мойындады.
"Мәселелер бар екенін көріп отырмыз. Қазір біліктілікті арттыру курстарын бизнес өкілдері ұйымдастырады. Сондықтан бұл мәселе өзекті", – деді ол.
Министрдің айтуынша, педагогтер біліктілігін "Өрлеу" ұлттық біліктілікті арттыру орталығында да арттырады.
"Сонымен қатар 200-ге жуық ұйым тізілімге енді. Олар да бәсекелестік негізде педагогтердің біліктілігін арттыра алады. Біз бұл мәселеге қайта ораламыз. Өйткені мен үшін ең маңыздысы – сапа. Қандай курстар өткізілетінін, білімді бағалау мен сертификаттау қалай жүргізілетінін, мұғалімдерге кім сабақ беретінін, яғни оларды қандай тренерлер оқытатынын білгім келеді", – деп түйіндеді Оқу-ағарту министрі.