Алматы қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының мәліметінше, елде 0 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың бірыңғай дерекқоры жүргізіледі.
"Оған мектеп оқушылары, мектеп жасына дейінгі балалар, оқумен қамтылмаған және дәлелді себепсіз жүйелі түрде сабақтан қалатын балалар туралы мәліметтер енгізіледі", – деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Сабақтан жүйелі түрде қалатын оқушылар туралы ақпарат ай сайын салыстырып тексеру үшін полицияға жіберіледі. Бұл мәліметтер әр айдың 10-ына дейін Ұлттық білім беру деректер қорына енгізілуге тиіс.
Сонымен қатар буллинг туралы хабарламаларға ден қою тәртібі де өзгереді.
"Білім беруді басқару органдары буллинг туралы келіп түскен ақпаратты бір жұмыс күні ішінде тіркеуге міндетті", – деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.
Мектептер де психологиялық қолдау көрсетуді ұйымдастыруға міндеттеледі.
Бұған дейін, 2026 жылғы 16 қарашада елімізде кешкі мектептерде оқыту қағидаларын өзгерту жоспарланып отырғанын хабарлаған едік.