Компанияның мәліметінше, сәрсенбі күні Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында қар мен жаңбыр аралас қар жауады деп күтіледі.
"Республикалық маңызы бар автожолдардың кей учаскелерінде көріну мүмкіндігі нашарлап, жол беті тайғақ болуы мүмкін", – деп ескертті ұлттық компания.
Осыған байланысты жүргізушілерге мынадай кеңес берілді:
- ауа райын ескеру;
- алдағы көлікпен қауіпсіз арақашықтық сақтау;
- жылдамдықты жолдың жағдайына қарай таңдау;
- күрт маневр жасаудан аулақ болу.
"Республикалық маңызы бар автожолдардың жай-күйі туралы соңғы ақпаратты 1403 нөмірі арқылы тәулік бойы алуға болады", – деп хабарлады "ҚазАвтоЖол".
Бұған дейін синоптиктер 18 қарашада елде қысқы ауа райы сезілетінін ескертіп, дауылды ескерту жариялаған еді.