"Қазгидрометтің" мәліметінше, жаңбыр түнгі сағат 01:30-да басталып, таңғы сағат 05:00-ден бастап әл-Фараби даңғылынан оңтүстікке қарай орналасқан аудандарда қарға ұласқан. Күндіз негізінен жаңбыр жауып, сағат 19:00-ге дейін басылады деп болжанып отыр. Жауын-шашын мөлшері 15–17 мм болады, желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетуі мүмкін. Ауа температурасы +5…+7 °C болады.
Қаланың жекелеген аумақтарын су басудың алдын алу үшін 85 жедел бригада кезекшілікке шықты. Олардың құрамында 1 579 жол жұмысшысы бар. 415 техника, 97 мотопомпа және құм толтырылған 5 мыңға жуық қап дайындалған. Су жиналуы мүмкін жерлерге су соратын көліктер қойылған.
Көктайғақпен күреске 200 жол техникасы дайындалған. Оның 185-і – құм шашатын көлік, 15-і – JetBroom машинасы. Қаланың жоғарғы бөлігіндегі жолдарға көктайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр.
Қала бойынша тәулігіне 3 250 жол жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника жұмысқа шығады. Көшелер мен жолдардың тазалануын коммуналдық қызметтер тәулік бойы бақылайды.
Синоптиктердің болжамынша, 28 қарашаға қараған түні аздаған жауын-шашын болуы мүмкін. Ал 29 қарашада жауын-шашын күтілмейді.
Қала тұрғындары мен қонақтарына жолдар мен тротуарларда абай болуға кеңес берілді. Жүргізушілерге қауіпсіз жылдамдықты таңдап, алдағы көлікпен арақашықтық сақтау ұсынылады.