Іле-Алатауының биік шыңдарында мұздықтарды алыстан көруге болса, Түрген шатқалында мұз Шренк шыршаларының тамыры арасында, мүк қабатының астында жасырынған.
"Бір ұлттық парктің аумағында табиғаттың екі таңғажайып құбылысы бар!" – деп атап өтті комитет өкілдері.
Ведомство мәліметінше, теңіз деңгейінен 3300-3500 метр және одан да биік аумақтарда жүздеген мұздық орналасқан. Олар өңірдегі тұщы судың маңызды көздерінің бірі саналады. Мұздықтардың еріген суы Кіші және Үлкен Алматы, Талғар және Есік өзендерін қоректендіреді.
Іле-Алатауындағы ең танымал әрі жақсы зерттелген мұздықтардың бірі – Тұйықсу мұздығы. Алайда климаттың жылынуына байланысты мұздықтар біртіндеп көлемін жоғалтып жатыр. Іле Алатауының мұздықтары жыл сайын мұз қорының шамамен 1%-ынан айырылады.
"Ал Түрген шатқалында, теңіз деңгейінен 1400-2000 метр биіктікте республикалық маңызы бар табиғи ескерткіш – Шынтүрген мүкті шыршалы орманы орналасқан. Бұл жердің басты ерекшелігі тура аяқ астында жасырынған: қалың мүк қабатының астында, Шренк шыршаларының тамырлары арасында көпжылдық тоңның жерасты мұзы сақталған", – деп хабарлады комитет 2026 жылғы 27 қарашада.
Мамандардың айтуынша, бұл аумақта шыршалардың тамырлары мұздың ішінде орналасқан. Яғни жер астында мәңгі тоң сақталған, ал оны сақтап тұрған – мүк қабаты.
Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің маңызды міндеттерінің бірі – осындай бірегей табиғи байлықтарды қорғау.
Айта кетейік, Шымкент қаласынан алыс емес Түркістан облысында "Динозавр" деп аталатын таулы бағыт бар. Ол сырттай тарихқа дейінгі алып кесірткенің арқасына ұқсайды.