10 тамыз күні сағат 15:00-де «Abai world challenge» атты Абай өлеңдерін әлем тілдерінде оқудан халықаралық челлендж басталады, деп хабарлайды zakon.kz.
Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
"ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Мәдениет және спорт министрлігіне ұлы ақын, ағартушы, философ Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына байланысты ұйымдастырылатын іс-шараларды онлайн форматқа көшіру тапсырылған болатын. Осыған орай ақынның өлеңдері әлемнің (француз, ағылшын, араб, испан, қытай, жапон, неміс, итальян) бірнеше тіліне аударылды. Іс-шараға әлем елдерінен Абай шығармашылығын зерттеуші ғалымдар, аудармашылар, жазушылар мен шығармашылық интеллигенция өкілдері, ҚР Төтенше және өкілетті елшілері және жалпы жұртшылық қатысады деп күтілуде. Челлендж тамыз айының 10 мен 17 жұлдызы аралығында жалғасады және министрліктің YouTube каналы, Facebook және Instagram т.б. әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында көрсетіледі", делінген министрлік хабарламасында.