Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың бұйрығымен Есетжан Қосубаев "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды zakon.kz.
Жаңа басшыны ұжымға Мəдениет жəне спорт министрлігінің Жауапты хатшысы Бақытжан Темірболат таныстырды.
Есетжан Мұратұлы Қосубаев 1955 жылы 19 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген.
1980 жылы əл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын дәл сол жылы Қазақ КСР археология, этнография жəне тарих институтында бастаған.
1990-1992 жылдары Қазақстан мəдени, əлеуметтік, ғылыми-техникалық даму қоры атқарушы директорының орынбасары;
1992-1993 жылдары "Алтын-Алма" АҚ Басқармасының төрағасы;
1993-1998 жылдары "Бөбек" балалар қайырымдылық қорының вице-президенті;
1998-2001 жылдары "АРТ-Центр" продюсерлік орталығының атқарушы директоры, "Евразия" халықаралық кинофестивалінің директоры;
2001-2002 жылдары "Қазақстан" РТРК төрағасы;
2002-2004 жылдар аралығында Президент Әкімшілігі баспасөз орталығының басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат басқармасының БАҚ және қоғамдық байланыс бөлімінің жетекшісі;
2004-2006 жылдары Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және спорт министрі;
2006-2007 жылдары "Kazenergy" қоғамдық қорының президенті;
2007 жылдан бері "Рауан Медиа Групп" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, "Атамекен" ҰКП басқармасының мүшесі болды.
Əр жылдары ірі халықаралық өнер форумдарды, іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге атсалысқан. "Алматы – моя первая любовь" ретро фестивалінің продюсері және жүргізушісі, "Азия дауысы" халықаралық музыкалық фестивалінің негізін салушылардың бірі.
Есетжан Мұратұлы режиссер Юрий Чулюкиннің "И в шутку, и всерьёз..." фильмінде (1963) басты рөлді сомдаған. "Құрмет" және ІІ-дәрежелі "Достық" орденінің иегері.