Алакөл дәретханаға айналатын болды. Алматы облысындағы Көктума ауылы жағындағы жағалауда демалып жатқандар осылай дабыл қағуда. Жұртшылық жағажайда дәретхананың жоқтығы көлдің былғануына әкеліп жатқанын айтады, деп хабарлайды zakon.kz КТК-ға сілтеме жасап.
Өйткені бірнеше минуттық жердегі демалыс орнына барудың орнына кейбірі суға дәрет сындыра салғанды жөн көреді. Сол себепті демалушылардың дені жергілікті биліктен ең болмаса, биодәретхана қойғанды сұрайды.
- Алакөл ауданы әкімдігіне өтінішіміз бар. Дәретханаға қатысты мәселені шұғыл шешу керек. Ең болмаса, жазғы демалыс уақытына биодәретхана қоюға болатын шығар? Қоқыс жәшіктерін де көбейту керек. Адамдар ластап жатыр. Бұл санитарлық аумақ қой. Демалушылардың атынан осы мәселені шешулеріңізді сұраймыз.
Көктума ауылында жар үстінде орналасқан ескі екі ағаш дәретханадан басқасы көзге түспеді. Оның өзі ақылы – 50 теңге. Қоқыс жәшіктері жеткілікті болмауынан демалушылардан қалған қалдық жан-жақта шашылып жатыр. Алакөл ауданы әкімдігі бұл жағдайдан хабардар. Әзірге мыңдаған адам демалып жатқан Көктумада екі заманауи дәретханамыз бар деп жауапты қысқа қайырды.
Мейрамбек Қабдікәрімов, Ырғайты ауыл округі әкімі аппаратының бас маманы:
- Көктума ауылында екі заманауи дәретхана орналастырылды. Біреуі көл жағасында, біреуі теміржол бойында. Қазір екеуі туристерге қызмет атқарып жатыр. Болашақта тағы да бюджеттік өтілім өтті. Енді тиіс қаражатының бөлінуін күтіп отырмыз.