Ауа райының құбылуы денсаулыққа қалай әсер етеді

Сурет: ЖИ көмегімен жасалған
Ауа райының өзгеруі біреулерге байқалмай өтсе, енді біреулердің басы ауырып, ұйқысы келіп, ашушаңдығы артады. Ағза температура мен атмосфералық қысымның өзгеруіне неге әсер етеді, мұндай құбылыстарға кімдер ерекше сезімтал және жағдайды қалай жеңілдетуге болады? Zakon.kz тарқатады.

Метеосезімталдық дегеніміз не және ол қалай байқалады?

Адамның хал-жағдайы тек ұйқыға, тамақтануға және физикалық белсенділікке ғана емес, ауа райына да байланысты. Температураның күрт төмендеуі, ыстық немесе атмосфералық қысымның ауытқуы біреулерге байқалмай өтсе, енді біреулердің басы ауырып, әлсіздік пайда болып, көңіл күйі нашарлайды. Бұл – метеосезімталдықтың көрінісі. Яғни ағзаның температура, ылғалдылық және атмосфералық қысым өзгерістеріне жоғары сезімталдығы.

Дәрігер-физиолог Бауыржан Қасеновтің айтуынша, метеосезімталдық жеке ауру емес, ағзаның сыртқы факторларға реакциясы. Бұл процеске жүйке жүйесі, қан тамырлары және гормондық реттелу қатысады. Сондықтан ауа райының құбылуы ағзаның жұмысына әсер етіп, бас ауруын, бас айналуды, ұйқышылдықты, ашушаңдықты, қан қысымының ауытқуын және буындардың сырқырауын тудыруы мүмкін.

"Атмосфералық қысымның өзгеруі мидың ішкі ағзалардың жұмысын басқаратын орталықтарымен байланысты вестибулярлық аппараттың қызметіне әсер етуі мүмкін. Соның салдарынан қан тамырларының тонусы өзгеріп, жүрек соғысы жиілейді және ауырсынуға сезімталдық артады", – деді дәрігер Бауыржан Қасенов.

Айта кетейік, кейде ауа райы өзгерерден бірнеше сағат бұрын-ақ белгілер байқала бастайды. Әсіресе созылмалы аурулары, соның ішінде гипертониясы мен мигрені бар адамдар мұндай өзгерістерге ерекше сезімтал келеді.

Метеосезімталдық қай жаста жиі байқалады?

Адамның метеосезімталдыққа бейім болатын нақты жасы жоқ. Ауа райына сезімталдық бала кезде де, жастық шақта да байқалуы мүмкін. Балаларда ол ұйқының бұзылуы, мазасыздық, жылауықтық және бас ауруы түрінде көрінеді. Алайда жас ұлғайған сайын мұндай реакциялар жиілей түседі.

"Әсіресе 50-60 жастан кейін бұл белгілер айқынырақ байқалуы мүмкін. Себебі жас ұлғайған сайын ағзаның сыртқы өзгерістерге бейімделуі қиындай түседі. Қан тамырларының серпімділігі төмендеп, жүйке жүйесінің жұмысы өзгереді, созылмалы аурулар көбейеді", – деп түсіндірді маман.

Кейбір бақылаулар бойынша, әйелдер метеосезімталдыққа жиі шағымданады. Бұл әсіресе гормондық өзгерістер кезеңінде және менопаузадан кейін байқалады. Жасөспірімдерде де гормондық өзгерістерге байланысты ауа райына сезімталдық күшеюі мүмкін.

Ауа райы өзгерген кезде жағдайды қалай жеңілдетуге болады?

Ауа райының өзгеруіне ағзаның реакциясын толығымен жою мүмкін емес. Дегенмен ағзаның мұндай өзгерістерге жеңіл бейімделуіне көмектесуге болады. Ол үшін бірнеше қарапайым ережені сақтау маңызды.

Ең алдымен, ұйқы режимін реттеу қажет. Ұйқының қанбауы ауырсынуға сезімталдықты арттырып, ашушаңдықты күшейтеді және жүйке жүйесінің қалыпты қалпына келуіне кедергі жасайды. Сондықтан күн сайын шамамен бір уақытта жатып, бір уақытта оянған жөн.

"Орташа деңгейдегі физикалық белсенділік те маңызды. Үнемі серуендеу, жүзу, жеңіл гимнастика және созылу жаттығулары қан айналымын жақсартып, жүйке жүйесінің жұмысын қолдауға көмектеседі. Сондай-ақ су ішу режимін сақтап, тамақты уақытылы ішу керек. Теңгерімді тамақтану ағзаның қалыпты жұмысын қамтамасыз етеді. Ас мәзіріне магний мен В тобының дәрумендеріне бай өнімдерді қосуға болады", – деп түсіндірді Бауыржан Қасенов.

Тағы бір маңызды мәселе – күйзелісті басқару. Эмоциялық ширығу жағымсыз белгілерді күшейтуі мүмкін. Сондықтан тыныш серуендеу, тыныс алу жаттығуларын жасау және толыққанды демалу пайдалы.

Егер синоптиктер температураның немесе атмосфералық қысымның күрт өзгеретінін болжаса, мұндай күндері өзіңізге шамадан тыс күш түсірмеген жөн. Сондай-ақ кофеин мен алкогольді шамадан тыс тұтынудан бас тартып, денсаулық жағдайына көбірек көңіл бөлген дұрыс.

Қандай жағдайда дәрігерге қаралу керек?

Денсаулықтың кез келген нашарлауын ауа райымен байланыстыра беруге болмайды. Әсіресе қан қысымының күрт өзгеруіне, қатты бас ауруына, бас айналуына және айқын әлсіздікке мұқият қарау қажет.

Егер белгілер алғаш рет пайда болса, күшейсе немесе күнделікті өмірге кедергі келтірсе, дәрігерге қаралу керек. Өйткені метеосезімталдыққа ұқсас белгілердің артында емдеуді қажет ететін басқа да аурулар болуы мүмкін.

"Гипертониясы және басқа да созылмалы аурулары бар адамдар тағайындалған емді жалғастырып, қан қысымын бақылауы маңызды. Ауырсынуды басатын, тыныштандыратын және басқа да дәрілердің мөлшерін өз бетінше арттыруға болмайды", – деп түсіндірді дәрігер.

Айта кетейік, метеосезімталдықтың болуы ағзада міндетті түрде күрделі мәселе бар дегенді білдірмейді. Алайда денсаулықтың үнемі нашарлауы – ауа райының жақсаруын күте бермей, оның нақты себебін анықтауға негіз.

Қазақстан
Қызықты

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша алдағы бес күнге арналған ауа райы болжамы

Алматыда алғашқы қар жауып, күн -4°C-қа дейін суытады

5 қарашадағы Астана мен Алматыдағы айырбастау пункттеріндегі валюта бағамы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы – онлайн-трансляция

Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерін көтермелеу қағидаларына өзгеріс енгізбек