Кофені ең көп тұтынатын елдер: Қазақстан нешінші орында

Кофені ең көп тұтынатын елдер: Қазақстан нешінші орында , сурет - Zakon.kz жаңалық 26.11.2026 14:32 Сурет: pexels
Жаңартылған статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қазақстан кофе тұтыну көлемі бойынша әлемдегі 55 елдің қатарына енді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Кофе бүгінде әлемнің көптеген тұрғынының күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Біреулер үшін ол таңертең сергектік пен қуат беретін негізгі сусын болса, енді біреулер үшін күнделікті әлеуметтік қарым-қатынастың міндетті элементі саналады.

Сонымен қатар кофенің адам денсаулығына оң әсер ететін пайдалы қасиеттері бар екені және депрессиямен күресуге көмектесетіні айтылады.

Осыған байланысты Visual Capitalist онлайн-платформасының сарапшылары АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің Шетелдік ауыл шаруашылығы қызметі мен Еуропалық кофе федерациясының деректеріне сүйене отырып, әлемдегі кофе тұтыну деңгейіне зерттеу жүргізді. Оның нәтижесінде жаһандық рейтинг жасалды.

Рейтингке әлемнің 96 елінің көрсеткіштері енгізілген. Елдер кофені әлемдік тұтыну көлеміндегі үлесіне қарай сараланған. Бұл ретте жалпы көлем әр елге әкелінетін немесе сол елде өсірілетін қуырылмаған жасыл кофе дәндерінің мөлшерімен есептелген. Бір қаптың салмағы – 60 келі.

Кофе ең көп тұтынылатын елдер

Зерттеуде бұл рейтинг жан басына шаққандағы кофе тұтыну көлемін емес, жалпы тұтыну мөлшерін көрсететіні атап өтілген. Сондықтан мұндай есептеуде кофе ішу дәстүрі жақсы қалыптасқан халқы аз елдерге қарағанда, халқы көп мемлекеттер басымдыққа ие болады.

Әлемде кофе тұтыну көлемі бойынша бірінші орында Америка Құрама Штаттары тұр. Ел жыл сайын жалпы көлемі 25,6 миллион 60 келілік қап шикі кофе дәнін импорттайды және өзі өндіреді.

Екінші орында жылдық тұтыну көлемі 22,3 миллион қапты құрайтын Бразилия, ал үшінші орында Германия орналасқан. Онда жыл сайын 11,1 миллион қап кофе тұтынылады.

Кофені ең көп тұтынатын әлемдегі алғашқы он елдің қатарына сондай-ақ Жапония (6,65 миллион қап), Филиппин (6,52 миллион), Қытай (6,42 миллион), Канада (5,05 миллион), Франция (5,03 миллион), Вьетнам (4,9 миллион) және Индонезия (4,8 миллион) кірді.

Қазақстан кофе тұтыну бойынша нешінші орында?

Visual Capitalist сарапшыларының рейтингі бойынша Қазақстан кофе тұтыну көлемі жағынан әлемде 51-орынға ие болды.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, елімізге жыл сайын 60 келілік 560 мың қап қуырылмаған шикі кофе дәні жеткізіледі.

Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте Жаңа Зеландиядан (515 мың қап), Малайзиядан (500 мың), Словакиядан (414 мың), Словениядан (376 мың), Литвадан (309 мың), Ирландиядан (308 мың), Сингапурдан (100 мың), Грузиядан (80 мың) және Люксембургтен (64 мың) озып тұр.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Ресейден кейін орналасқан. Ресей жалпы көлемі жылына 4,57 миллион қап кофемен рейтингте 11-орынға ие болды. Ал Армения 67-орында (220 мың қап) тұр. ТМД-ға мүше қалған елдер рейтингке енбеген.

Кофе ең аз тұтынатын елдер

Елде кофе индустриясы дамығанына және сирек кездесетін арабика сорттары өсірілетін биік таулы плантациялардың болуына қарамастан, бүгінде әлемде кофені ең аз тұтынатын ел – Ямайка. Онда жылына небәрі 4 мың 60 келілік қап кофе тұтынылады.

Кофе тұтыну көлемі ең төмен әлемдегі алғашқы он елдің қатарына сондай-ақ Сьерра-Леоне (жылына 10 мың қап), Ангола (12 мың), Бурунди (15 мың), Гвинея (25 мың), Уругвай (35 мың), Мальта (39 мың), Черногория (40 мың), Боливия (45 мың) және Папуа – Жаңа Гвинея (50 мың) кірді.

Рейтингте пайдаланылған статистикалық мәліметтерге сәйкес, әлем бойынша кофенің жылдық тұтыну көлемі 173,45 миллион 60 келілік қапты құрайды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: