Қытай тәжірибесі мен Тоқаевтың стратегиялық басымдықтары

Флаги Китая и Казахстана, флаги КНР и РК, казахстанско-китайские отношения, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.11.2026 16:20 Фото: Zakon.kz
Мемлекеттің қуаты тек табиғи байлықтарымен ғана емес, ғылымның даму деңгейімен, жаңа технологияларды игеруімен және білікті мамандардың болуымен де өлшенеді. Бұл тұрғыда Қытайдың тәжірибесі айқын мысал бола алады. Zakon.kz көрші елдің ұстанымы мен Тоқаев белгілеген басымдықтарды салыстырып

Қытайдың Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы ел ғылымды зерттеу мен жаңа технологияларды әзірлеуге 3,93 трлн юань бөлген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,2%-ға көп. Сонымен қатар жоғары технологиялы өңдеу өнеркәсібіндегі қосылған құн 9,4%-ға өскен.

Бұдан бөлек, алдағы бес жылда Қытай ғылыми зерттеулерге жұмсалатын шығындарды жыл сайын кемінде 7%-ға арттыруды жоспарлап отыр. Ел өз технологияларын дамытуға, ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуге және білікті мамандар даярлауға басымдық беруді жалғастырып келеді.

Сарапшылар мұны Қытайдың бүгінгі инвестициялардан тек жақын болашақта ғана емес, ондаған жыл өткен соң да нәтиже алуға ұмтылуымен түсіндіреді.

Осы тұста ТМД кеңістігінде әлі де сақталып отырған бір стереотип айқын көрінеді. Ол – жақсарту жолындағы әрбір шағын қадамды ауқымды жетістік ретінде таныстыру қажеттігі. Алайда кез келген жобаның тиімділігі ақпараттық кеңістікте қаншалықты жиі насихатталғанымен емес, ұзақ мерзімді нәтижесімен бағалануы керек.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басымдықтары Қытайдың осы ұстанымына әлдеқайда жақын. Ол елдің болашағы ғылым мен білімге, озық технологияларға және азаматтардың кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты екенін бірнеше рет атап өткен.

Мемлекет басшысы 2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да кейінгі ұрпаққа дамыған, өркениетті әрі жаңарған мемлекет қалдырудың маңыздылығына тоқталды.

Атап айтқанда, ол еліміздің жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын атап өтті.

"Осы бетбұрыс кезеңінде ұлттық жоспарлар мен стратегиялардың бәрін сын тұрғысынан қайта зерделеуіміз керек. Тәуелсіздігіміздің келесі айтулы белесіне қандай "жүкпен" жететінімізді айқын түсінуіміз қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы ұзақ мерзімді бағдарды айқындау қазіргі міндеттер мен басымдықтарды белгілеп, егемендіктің стратегиялық бағытын берік ұстануға және жасампаз жоспарларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

"Сондықтан Президент Әкімшілігі Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, ең алдымен Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтын қоса алғанда, ғылыми орталықтардың қатысуымен бір жыл ішінде ел дамуының басымдықтары туралы ұзақ мерзімді пайымы бар құжат әзірлеуі керек. Депутаттар да осы маңызды құжатты әзірлеуге өз үлесін қоса алады деп ойлаймын", – деп тапсырды Тоқаев.

Өйткені кейінгі ұрпаққа табиғи байлық пен жинақталған қаржы ресурстарын ғана емес, мүмкіндіктерге жол ашатын мемлекет қалдыру маңызды. Президенттің пікірінше, "игіліктер келеді де, кетеді, ал нақты жетістіктер, жақсы атақ, соның ішінде әлеуметтік инфрақұрылым нысандары халыққа, келер ұрпаққа қалады".

Бұл бағытта белгілі бір жұмыстар атқарылып жатыр. Шетелдің беделді университеттерімен ынтымақтастық кеңейіп, жасанды интеллектіні дамытуға, ғылымды қолдауға және экономиканы цифрландыруға басымдық берілуде. Алайда қазақстандық ғалымдардың ғылыми әзірлемелері өндіріске енгізіліп, елімізде жаңа технологиялар жасалуы керек. Отандық кәсіпорындар әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуға тиіс.

Сонымен қатар болашақ туралы тек мемлекет қана емес, әрбір азамат жеке ойлануы қажет. Мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер мен ғалымдар өздеріне: "Менің бүгінгі қызметім 10-20 жылдан кейін қандай нәтиже береді?" деген сұрақ қоя алады. Өйткені ересектердің бүгін жасаған әрекеттерінің салдарын ертең балалар сезінеді.

Қытай тәжірибесінен алуға болатын маңызды сабақтың бірі де осында: бүгінгі міндеттерді шеше отырып, болашақтың іргетасын қатар қалау қажет.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: