Қарағанды облысында мас жігіт анасын өлтіріп тастады

Дәрігерлер 29 жастағы ауыл тұрғынының маскүнемдікке шалдыққанын, әрі оның осы дерттен еріксіз түрде емдеу қажет деген қорытындыға келген.

Ұлытау ауылының 29 жастағы тұрғыны тәулік бойы арақ ішіп, анасын пышақтап тастаған, деп хабарлайды Baq.kz.

Қарағанды облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьяcы үкімді оқу барысында 29 жастағы жігіттің жарты күн бойы анасының үйінде екі досымен арақ ішкенін айтты. Осы сәтте жігіттің шешесі үйді жинап, кір жуып, кешкі асты дайындаған. Кейін ауыл тұрғыны дүкенге барып, тағы бір бөтелке арақ алған. Оны достарымен ішкен.

Қонақтар кеткен соң, жігітке елес елестей бастаған.

«Маған есіктің алдында қолына пышақ ұстаған ер азамат елестеді. Мен қорқып кеттім. Шкафка жүгіріп барып, пышақ алдым. Кейін бөлмеде өзімді қорғау үшін пышақты оңды-солды сермедім. Мен оны төсектің жанында ұстап алғандай сездім. Кейін жігітке пышақты сұға бастадым. Содан соң ентіккенімді басу үшін еденге отырдым. Орнымнан тұрған соң, төсекте анамның өліп жатқанын көрдім», - деді сотталушы.

29 жастағы жігіт жылап, шешесінің бетін көрпемен жапқан. Осы уақытта үйге жігіттің әпкесі келген. Ол болған жағдайды оған айтып беріп, екеуі полицияға барған.

Сарапшылар әйел адамның мойнындағы ұйқы тамырына келген жарақаттан көз жұмғанын айтады. Сондай-ақ әйелдің қолы мен бетіне пышақ бірнеше рет сұғылған.

Дәрігерлер 29 жастағы ауыл тұрғынының маскүнемдікке шалдыққанын, әрі оның осы дерттен еріксіз түрде емдеу қажет деген қорытындыға келген.

Соттың үкіміне сәйкес, анасын өлтірген жігіт ҚР Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша айыпты деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Енді ол жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түрмеде өтейді.

Сондай-ақ ер азамат маскүнемдіктен еріксіз түрде емделеді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: