Блок-бекеттегі оқыс оқиға: үшінші полиция қызметкері жансақтау бөлімінде жатыр

Үшінші полиция қызметкерінің есімі - Ербұлан Сейдәзім.

Алматы облысындағы блок-бекеттегі жол-көлік оқиғасы салдарынан екі полиция қызметкері қаза тапты. Үшіншісі - қазір жансақтау бөлімінде, деп хабарлайды zakon.kz.

Үшінші полиция қызметкерінің есімі - Ербұлан Сейдәзім. Ол полиция аға лейтенанты. Оқыс оқиға болған кезде ол планшетпен жол бойында бекеттен өтуші көліктерді базадан тексеріп тұрған.

Оқиға орнында айтылған версия бойынша, бетон қоршауға соғылғанда БМВ көлігінің сынған бір бөлігі оны іле кеткен. Оның бас-сүйегінің маңдай және желке тұсы сынған, қазір ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. №7-ші қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері оның өмірі үшін күресуде, - дейді Алматы полициясының ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

1994 жылы туған Ербұлан Сейдәзім полицияда жұмыс істегеніне төрт жыл болған. Үйленген, қызы бар.

Мас күйінде бақылау бекетіне соғылған 1992 жылғы ер адамға қатысты "Адам өліміне әкелетін жазатайым оқиғалар" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Айта кетсек, жол апаты 25 мамырда таңертеңгі сағат 05:26 уақытында № 4 блок-бекетте болған. БМВ-дің мас жүргізушісі алдымен темір қоршауға соқтығысып, содан кейін ұшып, полиция көлігін соққан. Онда екі полиция қызметкері отырған. 42 жастағы полиция аға лейтенанты Жарас Жанғазиев оқиға орнында қайтыс болды. Оның әріптесі, полиция сержанты Дастан Абдықанов ауруханада есін жимастан көз жұмды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: