Талғар ауданында жұртқа "жер алып беретін" алаяқ ұсталды

Жер алып берем деген желеумен бір тұрғыннан 2,7 миллион, екінші азаматтан 1,2 миллион, ал үшінші құрбанынан 3 миллион теңгеге бағалап, "Тойота" маркалы автокөлігін алып кеткен.

Алаяқтық әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен Талғар ауданының 37 жастағы тұрғыны ұсталды. Оның жалпы сомасы 7 миллионға жуық материалдық шығын келтіргені анықталды, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Талғар ауданының тәртіп сақшыларына бірнеше тұрғын арызданып, жақын таныс емес азаматтың әрекеттерінен ірі көлемде зардап шеккендерін жеткізген. Тергеу барысында алаяқ өз құрбандарына нарықтық бағадан төмен бағада жер телімдерін алып берем деп, қолдарында бар қомақты қаржыны алып, сан соқтырып кеткен", - деп жеткізді Талғар қалалық ПБ бастығы полиция полковнигі Ерлан Қасым.

Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, күдікті былтырғы жылдың соңында өзінде жоқ жерлерді алып берем деген желеумен бір тұрғыннан 2,7 миллион, екінші азаматтан 1,2 миллион, ал үшінші құрбанынан 3 миллион теңгеге бағалап, "Тойота" маркалы автокөлігін алып кеткен.

"Аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алаяқтық жасады деген күдікпен Талғар ауданының бұған дейін сотталмаған 37 жастағы тұрғыны ұсталды. Бұлтартпас айғақтар негізінде күдікті қылмыстарын мойындады. Қазіргі уақытта оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде. Күдікті сот шешімімен мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды", - деді полиция полквонигі Ерлан Қасым.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: