Түнде Талдықорғанда куәлігінен айырылған мас жүргізуші ауыр апат жасады

Нива жүргізушісін сот 2017 жылдың қараша айында үш жыл мерзімге жүргізу құқығынан айырғаны анықталды.

Ағымдағы жылдың 4 қазанында Талдықорған қаласының 49 жастағы тұрғыны "Нива" автокөлігімен "Ақын Сара-Көктөбе" автожолымен жүріп келе жатып, сағат 20.00 шамасында жолдың жүру бөлігінде ілеспе бағытта тұрған ЗИЛ автокөлігімен соқтығысқан, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап..

Нива жүргізушісін сот 2017 жылдың қараша айында үш жыл мерзімге жүргізу құқығынан айырғаны анықталды.

"Мас жүргізушінің қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретіні бәрімізге белгілі. Сол себепті де, заңның құқық бұзушыларға қатаң жаза қарастыруы, оларға көлік құралдарын белгіленген мерзімде басқаруға тыйым салуы, ал қайта басқарғаны үшін қылмыстық шаралар қолданылуы кездейсоқ емес. Аталған жағдайда көлік бүлініп, апатқа кінәлі азаматтың өзі әр түрлі жарақат алды. Алайда, азамат сауыққаннан кейін, сот тәртібімен қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Оған қатысты бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасы қаралады", - деп мәлімдеді Ескелді аудандық ПБ бастығының орынбасары полиция капитаны Арнұр Исаев.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан мас жүргізуші емдеу мекемесінің жансақтау бөліміне жатқызылды. ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігі "Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы"бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция қызметкерлері барлық жүргізушілерді сақ болуға, масаң күйде көлік жүргізбеуге және өзгелердің масаң күйде көлік басқаруына жол бермеуге, сондай-ақ өздерінің және жақындарының қауіпсіздігін сақтауға шақырады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: